«Оңай шаруа емес»: шетелдегі қазақ ғалымдарын елге қайтаруға не кедергі

Ulysmedia.kz коллажы

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек шетелдегі қазақ ғалымдарын елге қайтару неге қиын екенін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қанша маман елге оралды?

Шетелде ғылыммен айналысып жүрген қазақ жастары көп. Олар Қазақстан тарапынан шақыру болса, елге оралуға дайын екендіктерін айтады. Осыған байланысты министр Саясат Нұрбектен шетелдегі қазақ ғалымдарын елге шақырып, жұмысқа орналастыруға және басшылық қызметтерге тағайындауға не кедергі екені сұралды. 

Саясат Нұрбектің айтуынша, жас мамандарды елге қайтаруға бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Қазір жас мамандарды елге қайтаруға бағытталған бағдарламалар бар. Соңғы үш жылда Назарбаев Университетінің өзіне 100-ден астам жас маман тартылды. Шетелден қайтарылды деп айтуға болады», – деді министр.

Кедергі неде?

Оның айтуынша, қазір бірқатар ғалыммен келіссөз жүргізіліп, олардың Қазақстанға оралу мүмкіндігі талқыланып жатыр. Алайда бұл оңай шаруа емес. Себебі шетелде жұмыс істеп жүрген мамандардың жалақыға, зертханаларды жабдықтауға және ғылыми инфрақұрылымға қатысты талаптары жоғары.

Министр бұған мысал ретінде Австрияда жұмыс істеп жүрген отандасымызбен жүргізіліп жатқан келіссөзді атады.

«Қазір Австриядағы бір отандасымызбен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бірақ оның жүргізіп жатқан зерттеулері өте жоғары деңгейде. Бізде оның ізденістеріне лайық зертхана әлі дайын емес», – деді Саясат Нұрбек.

Сонымен қатар министр шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу жұмысы аясында шетелдегі білікті қазақ жастарын тарту да жоспарда бар екенін айтты.

Сізге қызық болуы мүмкін