Баспана – басты арман: Шымкентте тағы 56 отбасы пәтерлі болды

Ulysmedia.kz коллажы

Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған тағы 56 отбасы баспаналы болды. Оларға Асар-2, Бозарық және Тұран шағынаудандарындағы үйлерден пәтер кілті табысталды.

Жаңа пәтер кімдерге бұйырды?

Жаңа қоныс иелерінің қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім балалар мен мемлекеттік қызметшілер бар.

Пәтерлер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шаралары аясында үлестірілді. Баспана беру ісіне «Отбасы банк» акционерлік қоғамы қатысады. Бағдарлама шеңберінде тұрғын үй алудың екі тетігі қарастырылған. Біріншісі – несиелік баспана болса, екіншісі – кейіннен сатып алу құқығымен берілетін жалдамалы пәтер. Осылайша, азаматтарға баспана алудың бірнеше мүмкіндігі ұсынылады.

«2016 жылдан бастап күттім, осы уақытқа дейін күттім. Мүгедектік бойынша алып жатырмын. Құдай қаласа. Осындай үй алғаныма өте қатты қуанып тұрмын. Қазір қобалжып тұрмын», - дейді қала тұрғыны Айгүл Қалдыбаева.

Жаңа пәтер кілтін алғандардың қатарында Әлия Жақыпова да бар. Ол – жалғызбасты ана. Тұрғын үй кезегіне 2015 жылы тіркелген кейіпкер баспанасын 11 жылға жуық күткен.

 99 мың адам үй кезегінде тұр

Шымкентте тұрғын үймен қамту жұмыстары бірнеше бағытта жүргізіліп келеді. Баспана үлестірумен қатар, алдағы кезеңге арналған жоспар да бекітілген. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды қамту үшін жалдамалы және несиелік баспана бағыттары бойынша жұмыс жалғасады. Жыл соңына дейінгі жоспарланған көрсеткіштер туралы қалалық тұрғын үй басқармасының өкілі мәлімдеді.

 «Бүгінгі таңда «Отбасы банк» акционерлік қоғамының мәліметіне сәйкес, Шымкент қаласында 98 693 азамат тұрғын үй кезегінде тіркелген. 2026 жылдың соңына дейін кезекте тұрған азаматтарға 7 482 пәтер беру жоспарымызда бар. Оның ішінде 3 736 пәтер жалдамалы, 3 746 пәтер несиелік бағытта болады», - дейді Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы Саят Исабеков.

 

Сізге қызық болуы мүмкін