Алматыда толассыз жауған жаңбырдан көшелерді су басты. Бүгін тұрғындар жұмыс пен оқуға әрең жетті. Ulysmedia.kz қалада не болып жатқанын және әкімдіктің шағымдарға қалай жауап бергенін баяндайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Таңертеңнен бері алматылықтар су басқан көшелердің видеосын әлеуметтік желіде жариялап жатыр. Мәселен, Жароков пен Абай көшелерінің қиылысында жаяу жүргіншілер жолына су жиналған. Су баспалдақпен метроға қарай ағып жатыр. Аяғын суламай өту үшін адамдар басқа жол іздеуге мәжбүр.
Қазір абаттандыру жұмыстары жүріп жатқан Розыбакиев көшесінде де жағдай осындай. Су тротуардан кетпей, жол жиегіне жиналған. Көліктер өтіп бара жатқан адамдарға лай су шашады. Тұрғындар көшелер жөнделгеннен кейін жаңбырлы күні жүру неге қиындап кеткеніне түсінбей дал.
– Кәдімгі жаңбыр жауды. Нөсер де, дауыл да болған жоқ. Тротуарларды су басып, су арнасынан асып ағып жатыр. Жаяу жүргіншілер жүре алмайды. Балалар мектепке осы суға толған жолмен барып, аяқ киімін сулайды. Ересектер де жұмысқа жету үшін судан өтуге мәжбүр. Жаңбыр суы қайда ағуы керек? Көшелерді жөндеп, арықтарды жапқанда бұл туралы ешкім ойламаған ба? – деп ашынды қала тұрғыны.
Тұрғындарды алдағы аяз да алаңдатады. Розыбакиев көшесіне жақында жаңа тақтайшалар төселген. Қазірдің өзінде олардың беті тайғақ. Адамдар түнде су қатып қалса, жүру одан сайын қауіпті бола ма деп қорқады.
Alma City 5 тұрғындары да су басу мәселесіне шағымданды. Олардың айтуынша, мұндай жағдай бірнеше жылдан бері қайталанып келеді. Тұрғындардың өтінішіне әкімдік қажетті жұмыстар атқарылып, мәселе шешілгені туралы қысқа жауап берген.
Билік не дейді?
Алматы қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы Розыбакиев көшесіндегі асфальттың бүліну себебін түсіндірді. Бұл жерде мердігер «Жасыл Жер» ЖШС автоматты суару жүйесіне арналған құбырлар тартқан. Нөсер жаңбырдан кейін топырақ шөгіп, жол жабынының кейбір тұсы бүлінген.
– Көрсетілген учаскедегі арық науалары абаттандыру жобасы басталғанға дейін жабылған. Қазіргі құрылыс-монтаж жұмыстары кезінде басқарма оларды жапқан жоқ, – деп түсіндірді ведомство.
Мердігер оқиға орнына жұмысшыларын жіберген. Ауа райы жақсарған соң бүлінген асфальтты қалпына келтіруге уәде берді. Әкімдік арықтарды тазалау жұмыстары да ұйымдастырылғанын хабарлады.
Қала билігі Алтынорда көшесіндегі жағдайға да түсінік берді. Онда аялдама маңында жаңбыр суы жиналатын шұңқыр пайда болған. Соның салдарынан су ағатын жол бітелген. Қазір көшеде арықтарды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жұмысты қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Әзірше жиналған су арнайы техникамен сорылады.
Жаңбыр әлі де толастамайды
Бұған дейін әкімдік алматылықтарды бірнеше күнге созылатын жаңбыр туралы ескерткен. Қазгидрометтің болжамынша, жауын-шашын 12 қарашаға қараған түніне дейін жалғасады. Қаланың жоғарғы бөлігінде жаңбыр қарға ұласуы мүмкін. Жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.
Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Су басу жағдайларымен күресу үшін 85 бригада, 415 техника және 97 мотопомпа дайындалған.
Жүргізушілерге жылдамдықты азайтып, су жиналуы мүмкін жерлерге көлік қоймау ескертілді.