Украина АҚШ-тың Донбасс шекарасын өзгерту туралы ұсынысынан бас тартты

Skynewsarabia.com

Абу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ арасындағы келіссөздердің екінші күні басталды. 11 қарашадағы кездесудің бас тақырыбы – аумақ мәселесі. Осы арада Киевтің Донецк және Луганск облыстарының шекарасын өзгерту жөніндегі АҚШ ұсынысын қабылдамағаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Киев шекараны өзгертуге келіспеді

The Telegraph басылымының мәліметінше, америкалық келіссөз жүргізушілер Ресейге Донбассқа толық бақылау орнатқанын жариялауға мүмкіндік беретін, бірақ Украинаны Киев бақылауындағы қалаларды беруге міндеттемейтін ымыралы ұсыныс жасаған.

Ол үшін Донецк және Луганск облыстарының әкімшілік шекарасын өзгерту ұсынылған. Мұндай бастама туралы бұған дейін The Economist басылымы да жазған еді.

Алайда The Telegraph дереккөздерінің мәліметінше, Украина тарапы бұл ұсыныстан бас тартқан.

– Украина делегациясы Ресей басып алған аумақтарға қатысты ешқандай жеңілдікті талқылаған емес. Украина мұны іс жүзінде де, заң жүзінде де ешқашан мойындамайды. Келіссөз басталғалы бері біздің ұстанымымыз осындай, – деді басылымға келіссөздер барысынан хабардар дереккөз.

Ең күрделі мәселе соңына қалдырылды

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында келіссөздер 10-11 қарашада өтіп жатыр. Үш елдің өкілдері жабық есік жағдайында кездесіп жатыр.

Келіссөздердің алғашқы күнінде тараптар соғыс аяқталғаннан кейінгі қауіпсіздік кепілдіктері мен тұтқын алмасу мәселесін талқылады. Ал екінші күннің күн тәртібіне бейбіт келісімге қол жеткізуге кедергі болып отырған аумақ мәселесі енгізілген.

Бұған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио келіссөздердің алғашқы күнін оң бағалаған еді. Украина президенті Владимир Зеленский де талқылауларды сындарлы деп атады.

Еуропаны да келіссөзге қосуды көздеп отыр

АҚШ алдағы келіссөздерге Еуропа елдерінің қатысуына күш салып жатыр. Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Мәскеуді келіссөздер форматын кеңейтуге көндірмек. Ресей бұған қарсы. Ал Киев Еуропаның қауіпсіздігіне қатысты мәселелерді Еуропаның өз қатысуынсыз шешуге болмайтынын алға тартып отыр.

Қазір келіссөз үстелінде үш елдің өкілдері отыр. Украина делегациясын Рустем Умеров бастап барды. Оның құрамында Кирилл Буданов, Сергей Кислица және Давид Арахамия да бар.

Ресей атынан Владимир Мединский бастаған делегация қатысып жатыр. Оның құрамында Сергей Рябков, Михаил Галузин және күштік құрылымдардың өкілдері бар.

АҚШ атынан келіссөздерге Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер қатысып жатыр.

Сізге қызық болуы мүмкін