Kizdar.net сайты арқылы жеңгетайлық жасаған күдікті Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды

elements.envato.com

Қазақстан Бас прокуратурасы Kizdar.net сайты арқылы жеңгетайлық жасады деген күдікке ілінген Өзбекстан азаматын Грузиядан экстрадициялады. Тергеу мәліметінше, ол ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында болып, сайтта интимдік қызмет ұсынатын әйелдерден ақша жинаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Күдікті биыл шілдеде Грузия аумағында ұсталған. Кейін Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді. Оны елге Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің көмегімен қайтарды.

Заңсыз схема қалай жұмыс істеген

Тергеу нұсқасы бойынша, Өзбекстан азаматы ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа мүшелерімен бірге жезөкшелікпен айналысатын және сексуалдық сипаттағы өзге де қызмет көрсететін әйелдерден Kizdar.net сайтындағы анкеталарының есепшотын толтыруға өтінім қабылдаған.

Бұл қаражат әйелдердің интимдік қызметтерін сайтта ілгерілету мен жарнамалауға жұмсалған. Топ мүшелері түскен ақшадан комиссия алып қалып, қалған соманы сайт әкімшілеріне аударып отырған. Осылайша, жеңгетайлыққа бағытталған заңсыз схема жұмыс істеген.

Қылмыстық топтың бірқатар мүшесі бұған дейін сотталып, әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал күдікті мен топтың басқа да мүшелері тергеуден жасырынғандықтан, халықаралық іздеуге жарияланған.

Қазір әйел тергеу изоляторына қамалды. Егер кінәсі дәлелденсе, оған мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Сізге қызық болуы мүмкін