Алматы қараусыз қалған Неке сарайын үшінші рет басқаруға бермек

Фото: sauda.e-qazyna.kz

Алматының мемлекеттік активтер басқармасы Абай даңғылындағы Неке сарайын басқаруға алатын жаңа компанияны іздеп жатыр. Ғимарат пен оның алдындағы субұрқақ жеке компанияға 10 жылға сенімгерлік басқаруға беріледі. Сауда 12 қарашада өтеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мемлекеттік мүлік порталындағы хабарландыруға сәйкес, өтініштер 12 қараша күні сағат 09:55-ке дейін қабылданады. Ал сауда сағат 10:00-де басталады. Қатысушылар 1 950 472 теңге кепілдік жарна төлеуі керек.

Нені саудаға шығарады?

Неке сарайы сатылмайды. Ғимарат қала меншігінде қалады, ал жеңімпаз оны басқарып, табыс табады. Басқарушының сыйақысы 50 пайыздан аспайды.

Жаңа басқарушыға жалпы аумағы 2 169,4 шаршы метр ғимарат пен көлемі шамамен 0,05 гектар жер учаскесіндегі үлес беріледі. Неке сарайымен бірге оның алдындағы субұрқақ та сенімгерлік басқаруға өтеді.

Егер саудаға бір ғана қатысушы келсе, нысан соған берілуі мүмкін.

Неке сарайы

Еске салайық, Неке сарайы 1971 жылы ашылған. Ал 1979 жылы оған сәулет ескерткіші мәртебесі берілді.

2016 жылы ғимарат «Алтын дән Қазақстан» ЖШС-не 20 жылға сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда компания өз міндеттемелерін орындамағандықтан, келісімшарт сот арқылы бұзылды. 2023 жылғы қазанда қала ғимаратты өз меншігіне қайтарды.

2024 жылғы наурызда Неке сарайы 10 жылға «Jar Jar Almaty» ЖШС-не берілді. Компания ғимаратқа кемінде 1 млрд теңге инвестиция салып, бір жыл ішінде сыртқы келбетін сақтай отырып, қасбетін жөндеуге уәде еткен, бірақ міндеттемелерін белгіленген мерзімде орындамады. Сондықтан 2026 жылғы мамырда Мемлекеттік активтер басқармасы бұл келісімшартты да бұзу рәсімін бастады.

Контекст

Бұған дейін мемлекет Алматыдағы, кезінде Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған DoubleTree by Hilton қонақүйін саудаға шығарған еді. Қонақүй үшінші әрекетте, бағаны төмендету әдісімен өткен аукционда 12,38 млрд теңгеге сатылды.

Депутат Ермұрат Бәпи қонақүйді Сатыбалдымен байланысы бар компаниялар сатып алуы мүмкін деп күмәнданған. Алайда Бас прокурор Берік Асылов заңбұзушылық анықталмағанын мәлімдеді.

Сізге қызық болуы мүмкін