Шымкентте өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем мамандары бір жерде жұмыс істейтін жаңа кешен ашылды. Енді төрт тұрғын алабының халқы шұғыл көмекті бұрынғыдан да жылдам ала алады. Жаңа нысан Жаңаталапта ашылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Көмек жақындай түсті
Кешеннің басты ерекшелігі – үш шұғыл қызметтің бір ғимаратта орналасуы. Бұл өрт, түрлі оқиға мен жедел жәрдем шақыртуына жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді.
Жаңа нысан Жаңаталап, Тәуелсіздіктің 20 жылдығы, Алтынтөбе және Көкбұлақ тұрғын алаптарындағы шамамен 11 200 адамға қызмет көрсетеді. Мұнда №14 өрт сөндіру бөлімі, полиция бекеті және жедел медициналық жәрдем пункті орналасқан.
Кешен Төтенше жағдайлар министрлігінің бастамасымен, Шымкент әкімдігінің қолдауымен салынды. Ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов, азаматтық қорғау қызметінің ардагерлері мен шұғыл қызмет өкілдері қатысты.
Ішінде не бар?
Құтқарушыларға, полицейлер мен медицина қызметкерлеріне қажетті бөлмелер мен құрал-жабдықтар әзірленген. Кешенде оқу сыныбы, асхана, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті және екі арнайы көлікке арналған гараж бар.
Сонымен қатар аумақта жаттығу мұнарасы мен спорт алаңы салынған. Онда қызметкерлер дене дайындығын шыңдап, кәсіби дағдыларын жетілдіре алады.
Қаладағы бесінші кешен
Жаңаталап – Шымкентте осындай кешен ашылған бесінші аумақ. Бұған дейін дәл осындай нысандар Елтай, Таскен, Сәуле тұрғын алаптары мен Бозарық-3 шағынауданында ашылған.
Негізгі мақсат – шұғыл қызметтерді тұрғын аудандарға жақын орналастырып, оқиға орнына жету уақытын қысқарту.
Алайда мұндай кешендер желісін кеңейту жұмысы мұнымен аяқталмайды. 2026 жылдың соңына дейін Тұран шағынауданында төрт көлікке арналған өрт сөндіру депосын аяқтау жоспарланған.
Ал 2027 жылы Шымкенттің Базарқақпа, Қайнарбұлақ және Ақжар тұрғын алаптарында тағы үш әмбебап кешен ашу көзделген.