Nvidia компаниясының негізін қалаушы Дженсен Хуанг президент, бас директор қызметтерінен және директорлар кеңесінің құрамынан кетті. Компанияны уақытша қаржы директоры Колетт Кресс басқарады. Ал биржа ашылғанға дейін Nvidia акцияларының бағасы шамамен 11 пайызға құлдырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Хуанг Nvidia компаниясын құрылған сәтінен бастап, яғни 33 жыл бойы басқарды. Оның қызметтен кеткені 12 қарашада белгілі болды. Компания директорлар кеңесінің мәлімдемесінде бұл шешімнің себебі айтылмаған.
– Дженсен Хуанг президент және бас директор қызметтерінен, сондай-ақ директорлар кеңесінің құрамынан дереу кетеді. Колетт Кресс қаржы директоры қызметін сақтайды және тұрақты мұрагер тағайындалғанға дейін бас директор міндетін уақытша атқарады, – делінген мәлімдемеде.
Компанияны енді кім басқарады?
Колетт Кресс 2013 жылдан бері Nvidia компаниясының қаржысына жауап беріп келеді. Оған дейін Cisco мен Microsoft компанияларында қаржы саласында 25 жылға жуық жұмыс істеген. Инвесторлар оны компанияның тоқсандық қаржылық нәтижелері жарияланатын конференцияларда жиі көреді.
Директорлар кеңесі жаңа басшыны компания қызметкерлері арасынан да, сырттан да іздейді.
Сонымен қатар директорлар кеңесінде алғаш рет төраға қызметі пайда болды. Бұл лауазымға Synopsys компаниясының бұрынғы басшысы Харви Джонс тағайындалды.
– Директорлар кеңесі Колетт пен басшылық командасына толық сенім білдіреді, – деді Джонс.
460 миллиард доллар жоғалтты
Биржа ашылғанға дейін Nvidia акцияларының бағасы шамамен 11 пайыз төмендеп, 154,68 долларға түсті. Бұл компания акцияларының соңғы бір жылдағы ең төменгі көрсеткіші – 164,27 доллардан да аз, деп жазды Business Upturn.
Осылайша, компанияның нарықтық құны шамамен 460 миллиард долларға азайды.
Nvidia үшінші тоқсанның қаржылық есебін жоспарға сәйкес 17 қарашада жариялайды. Инвесторлар компания басшылығынан Хуангтың қызметтен кетуіне қатысты жағдайды түсіндіріп, жоспарларын баяндауын күтіп отыр.
Контекст
Еске салайық, 12 қарашада The New York Times басылымы 63 жастағы Хуангтың Nvidia компаниясының денсаулық сақтау жөніндегі вице-президенті Кимберли Пауэллмен көңіл жарастырғаны туралы жазды. Пауэлл оған тікелей бағынған. Екеуінің де отбасы бар.
Наурызда Сан-Хоседегі қонақүйде екеуін телефонға түсіріп алған кезде күзет қызметі куәгерге ақпаратты жария етпеу туралы келісімге қол қоюды ұсынған.
Бұған дейін Хуанг 40 жыл бірге өмір сүрген әйеліне опасыздық жасағанын мойындаған еді. Әңгіме Nvidia чиптерін 4,8 миллиард доллардан астам сомаға сатып алған сингапурлық Megaspeed компаниясындағы Элис Хуанг туралы болған.
АҚШ арнайы қызметтері оны Қытай барлау қызметімен байланысы бар деп күдіктеніп отыр. Осыдан кейін Nvidia директорлар кеңесі тәуелсіз тергеу бастады.