ҚМДБ араб сөздерінің орнына қазақша баламаларын қолдануды ұсынды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) мұсылмандарды күнделікті сөйлескенде араб сөздерінің орнына қазақша атауларды қолдануға үндеді. Басқарма өкілдері «ифтар» мен «сухур» сөздерінің орнына «ауызашар» және «сәресі», ал «ахи» мен «ухти» сөздерінің орнына «бауырым», «ағам» немесе «әпкем» деп сөйлесуге кеңес берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚМДБ Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінен кейін мәлімдеме жасады. Президент «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының құрылтайында дінге қатысты араб сөздерін қолдану сәнге айналғанына назар аударған еді.

– Кейінгі уақытта дінге қатысты өзіміздің көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін қолдану сәнге айналды. Бұл да ойланатын мәселе, – деген еді Тоқаев.

Араб тілі тек құлшылықта қолданылады

ҚМДБ Құран аяттары, дұғалар мен зікірлердің, яғни Алланы еске алуға арналған қайталанатын сөздердің араб тілінде айтылуының өзіндік мәні бар екенін атап өтті. Алайда күнделікті өмірде ойды қазақ тілінде жеткізген жөн.

– Тілімізде бұрыннан қалыптасқан сөздер мен ұғымдарды пайдалану – ана тілімізді құрметтеу деген сөз, – делінген мүфтият мәлімдемесінде.

ҚМДБ «ауызашар» мен «сәресі» сөздері қазақ халқының ораза ұстау дәстүрімен тығыз байланысты екенін атап өтті.

– «Ауызашарға келіңіз» және «Сәресіге тұрайық» деген сөздер үлкенге де, кішіге де түсінікті. Оларды қолдану арқылы діни дәстүрімізді де, тілдік мұрамызды да жалғастырамыз, – делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ мүфтият күнделікті бес уақыт намазды қазақша «таң», «бесін», «екінті», «ақшам» және «құптан» деп атауды ұсынды. Бұл атауларды күнделікті әңгімеде, уағыздарда және намаз кестелерінде қолдануға кеңес берді.

«Ахи» де, «брат» та емес

ҚМДБ мұсылмандардың бір-біріне қалай тіл қататынына да назар аударды. Кейбір адамдар «ахи», «ухти», «абла», «аби» сөздерін, сондай-ақ орыс тіліндегі «брат» және «сестра» атауларын қолданады.

– Біздіңше, ана тілімізде «бауырым», «ағам», «інім», «әпкем», «апам», «қарындасым» деп сөйлескен дұрыс. Бұл сөздер жақындық пен құрметті білдіреді, үлкенді сыйлау және кішіге қамқор болу дәстүрін сақтайды, – делінген мәлімдемеде.

Мүфтият ата-бабаларымыздың ұрпағын қазақ тілінде тәрбиелегенін де еске салды. Ол үшін «аманатқа қиянат жасама», «кісі ақысын жеме», «обал болады» және «сауап болады» деген сөз тіркестерін қолданған.

Сізге қызық болуы мүмкін