Қазақстандық дзюдошылар Хорватияның Загреб қаласында өтіп жатқан Гран-при турнирін сәтті бастады. Жарыстың алғашқы күнінде ұлттық құрама үш медаль – бір алтын және екі күміс жеңіп алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Күннің басты жеңімпазы 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Нұрқанат Серікбаев болды. Қазақстандық спортшы алтын медальға жету жолында Аргентина, Бразилия, Португалия және Италия өкілдерін жеңіп, төрт кездесуде де қарсыластарынан басым түсті.
Финалда Серікбаев бразилиялық Рональд Лимамен белдесіп, иппон әдісін сәтті орындап, кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Осылайша Қазақстан қоржынына турнирдегі алғашқы алтын медаль түсті.
Қазақстан құрамасының тағы екі спортшысы ақтық сынға дейін жетті.
48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ғалия Тынбаева чемпиондық атақ үшін италиялық Ассунта Скуттомен белдесті. Алайда қарсыласынан басым түсе алмай, турнирді күміс жүлдемен аяқтады.
Тағы бір күміс медальді 60 келіге дейінгі салмақта Аман Бақытжан жеңіп алды. Оның финалда Қытай Тайбэйінің өкілі Ян Юнвэймен өткізген белдесуі аса тартысты болды.
Бақытжан бастапқыда есепте алға шыққанымен, қарсыласы таразы басын теңестіріп, кездесуді қосымша уақытқа ұластырды. Белдесу жеті минуттан астам уақытқа созылды. Алайда қазақстандық спортшы үшінші рет «шидо» ескертуін алып, жеңіліп қалды.
Қазақстандық дзюдошылардың бәрі бірдей жарыстың шешуші кезеңдеріне жете алмады.
Әлем чемпионаттарының үш дүркін жүлдегері, 48 келіге дейінгі салмақта белдескен Әбиба Әбужақынова алғашқы кездесуінен кейін жарысты аяқтады.
60 келіге дейінгі салмақта Нұраділ Әлжан 1/8 финалға дейін жеткенімен, қарсыласынан жеңіліп қалды.
Ал 52 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Меруерт Сәрсенова мен Аружан Ережепова, сондай-ақ 57 келіге дейінгі салмақтағы Дана Әбдірова алғашқы белдесулерінде қарсыластарына есе жіберді.
Загребтегі дзюдодан Гран-при турнирі 15 қарашаға дейін жалғасады. Жарыстың алғашқы күнінен кейін Қазақстан құрамасының еншісінде үш медаль бар. Алдағы күндері ұлттық құрама спортшылары өзге салмақ дәрежелерінде де жүлдеге таласады.