Nvidia компаниясының бұрынғы басшысы Дженсен Хуанг қытайлық кәсіпкер әйел Элис Хуангпен қарым-қатынасы туралы әріптестеріне шындықты айтпаған болуы мүмкін. Reuters агенттігінің мәліметінше, ол компания басшылығына екеуінің арасында тек іскерлік байланыс бар екенін айтып келген. Ал АҚШ билігі кәсіпкер әйелді Қытайдың пайдасына тыңшылық жасауы мүмкін деген күдікпен тексерген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Reuters агенттігі 2026 жылғы қазандағы Nvidia компаниясының ішкі хат-хабарларымен танысып, жағдайдан хабардар екі дереккөзбен сөйлескен.
Олардың айтуынша, Хуанг компания басшыларына, соның ішінде бас заңгер Тим Тетер мен маркетинг жөніндегі директор Элисон Вагонфельдке Элис Хуангпен тек жұмыс бабында араласатынын бірнеше рет айтқан.
Бұған дейін әйел Nvidia компаниясының клиенті болған Megaspeed International компаниясында жоғары лауазымды қызмет атқарған. Дереккөздердің сөзінше, Хуанг мұны 2025 жылдың күзінде де әріптестеріне айтқан. Алайда Reuters агенттігі сол кезеңдегі хат-хабарларды зерттемеген.
Былтыр қазанда The New York Times басылымы Дженсен Хуангтың қытайлық кәсіпкер әйелмен көпшілік алдында кездескені туралы материал жариялаған. Осыдан кейін Nvidia басшысы әріптестерімен басылымды сотқа беру мүмкіндігін талқылаған. Алайда іс сотқа жетпеген.
Сол кезде Хуанг кәсіпкер әйелмен арадағы қарым-қатынасының жұмыс шеңберінен әлдеқайда кең екенін компания басшылығына айтпаған.
Олардың арасындағы қарым-қатынастың нақты қашан басталғаны белгісіз. Дегенмен Reuters агенттігі тексерген фотосуреттер Хуанг пен әйел кемінде 2023 жылғы желтоқсаннан бері әртүрлі елдерде кездесіп жүргенін көрсетеді.
Кейін Хуангтың Nvidia компаниясының бірнеше қызметкерімен де некеден тыс қарым-қатынаста болғаны туралы ақпарат тарады. Жанжал өршіген тұста ол бас директор қызметінен кетіп, жұбайы мен компаниядан опасыздығы үшін көпшілік алдында кешірім сұраған. Алайда мәлімдемесінде Элис Хуангтың есімін атамаған.
Бұл оқиға АҚШ билігінің Элис Хуангтың Қытай барлау қызметтерімен байланысын тексергені туралы ақпарат тарағаннан кейін одан әрі ушыға түсті. Бейжің бұл айыптауларды жоққа шығарды.
Reuters агенттігі де кәсіпкер әйелдің Қытай үкіметіне жұмыс істеген-істемегенін өз бетінше растай алмағанын атап өтті.
Ал Дженсен Хуанг 29 қазанда Bloomberg басылымына берген сұхбатында АҚШ билігі оған мұндай күдік туралы ешқандай ақпарат бермегенін айтқан.
10 қарашада Nvidia директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшелері жағдайды жеке тексеру үшін Wachtell, Lipton, Rosen & Katz заң фирмасын тартқанын мәлімдеді.
Компания өкілдері мен бұрынғы басшы бұл жағдайға қатысты пікір беруден бас тартқан. Журналистер Элис Хуанг пен компанияның кейбір топ-менеджерлерінен де жауап ала алмаған.
Жанжал жасанды интеллектке арналған чиптер өндіретін жетекші компаниялардың бірі Nvidia акцияларының күрт арзандауы тұсында өршіді.
Reuters агенттігінің мәліметінше, 6 қазанда тіркелген рекордтық көрсеткіштен кейін компания акцияларының бағасы 30 пайыздан астам төмендеген.
Соның салдарынан Nvidia компаниясының нарықтық капитализациясы 1,8 триллион доллардан астам сомаға қысқарған.