Қазақстандықтарға Өзбекстан шекарасынан жеке куәлікпен өтуге рұқсат берілуі мүмкін

Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстан мен Өзбекстан ортақ шекарадан өту тәртібін жеңілдету мүмкіндігін қарастырып жатыр. Алдағы уақытта екі елдің азаматтарына шетелдік төлқұжатсыз, жеке куәлікпен қатынауға рұқсат берілуі мүмкін. Алайда әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл мәселе 11 қарашада Өзбекстан сыртқы істер министрінің орынбасары Олимжон Абдуллаев пен Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжановтың кездесуінде талқыланды.

Дипломаттар екі ел арасында қатынау үшін жеке куәлікті (ID-картаны) пайдалану мүмкіндігін қарастырған. Мұндай тәртіп енгізілсе, Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарына шекарадан өту әлдеқайда жеңілдей түспек.

Электрон рұқсат мәселесі де талқыланды

Кездесуде Қазақстан 2026 жылғы 1 қарашадан бастап кезең-кезеңімен енгізе бастаған QazETA жүйесі де сөз болды.

Өзбекстан тарапы өз азаматтарына электрон кіру рұқсатын рәсімдеу кезінде белгілі бір жеңілдіктер қарастыруды ұсынған. Алайда қандай жеңілдіктер берілетіні әзірге белгісіз.

Бұдан бөлек, тараптар Қазақстанда жұмыс істейтін Өзбекстан азаматтарын жұмыспен қамту, олардың құқықтарын қорғау және елдегі тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелерін талқылады.

Бұл ұсыныс алғаш рет көтеріліп отырған жоқ

Қазақстан мен Өзбекстан азаматтарының ортақ шекарадан жеке куәлікпен өту мүмкіндігі бірнеше жылдан бері талқыланып келеді.

2024 жылғы тамызда мұндай ұсынысты алғашқылардың бірі болып Өзбекстан тарапы көтерген. Сол кезде бастаманы Өзбекстан президентінің арнайы өкілі Абдулазиз Камилов айтқан болатын.

Сізге қызық болуы мүмкін