Ресей НАТО-ның Орталық Азиядағы әскери қызметін тоқтатуды талап етті

deita.ru

Ресей АҚШ-қа Еуропадағы қауіпсіздікке қатысты талаптарын қайта ұсынып, Орталық Азия мәселесін де көтерді. Мәскеу НАТО-ның аймақтағы әскери қызметін тоқтатуын, одаққа жаңа елдер қабылдамауын және Еуропаның бірқатар еліндегі әскери күштерін қайта қарауын талап етіп отыр. Ресей делегациясы бұл талаптарды Украинадағы соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздер барысында америкалық араағайындарға жеткізген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

The New York Times басылымының мәліметінше, Ресей тарапы 10 қарашада Әбу-Дабиде өткен келіссөздерде арнайы құжат ұсынған. Онда Мәскеу НАТО-дан Украина мен Шығыс Еуропада ғана емес, Оңтүстік Кавказ бен Орталық Азияда да әскери қызметін тоқтатуды талап еткен.

Ресейдің тағы бір талабы – НАТО-ның бұдан әрі кеңеюіне жол бермеу. Сонымен қатар, Мәскеу 1997 жылдан кейін одаққа қосылған елдерден НАТО әскерін әкетіп, әскери базаларын жабуды талап етіп отыр. Олардың қатарында Польша, Латвия, Литва және Эстония бар.

Еуропа мен Украинаға қатысты шектеулер

Ресейдің ұсыныстары ядролық қауіпсіздік мәселесін де қамтиды. Мәскеу Франция мен Ұлыбританияның өзге Еуропа елдерін қорғау үшін ядролық қаруын қолданбауға міндеттеме алғанын қалайды.

Украинаның болашағына қатысты да жеке талап қойылған. Ресей Украинаның Еуропалық одаққа кіруіне қарсы емес, бірақ Киев ЕО-ның ортақ қорғаныс саясатына қатыспауы керек деген шарт ұсынып отыр.

Бұл талаптар бұрын да қойылған

The New York Times жазуынша, жаңа құжаттағы кейбір талаптар Ресейдің 2021 жылғы желтоқсанда Батыс елдеріне ұсынған шарттарын қайталайды.

Сол кезде де Мәскеу НАТО-ның кеңеюін шектеп, бірқатар аймақтағы әскери күштерін қысқартуды талап еткен болатын.

Алайда Батыс елдері бұл шарттарды қабылдамады. Арада екі ай өткенде, 2022 жылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға кең ауқымды басып кіруді бастады.

Енді Мәскеу соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерде бұрынғы талаптарын қайта көтеріп отыр.

Дегенмен The New York Times дереккөздерінің айтуынша, Ресей делегациясы бұл құжатты келіссөздегі бастапқы ұстанымы ретінде ұсынған. Яғни алдағы талқылаулар барысында талаптар өзгеруі мүмкін.

АҚШ не деп жауап берді?

Басылымның мәліметінше, АҚШ өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Ресей тарапына 2021 жылғы желтоқсаннан бері әлемдегі саяси жағдайдың едәуір өзгергенін еске салған.

Олар Мәскеу шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған нақты қадамдар ұсынса, Ресейдің жаңа ұсыныстарын қарастыруға дайын екенін білдірген.

Еске салайық, 10-11 қарашада Әбу-Дабиде Ресей, Украина және АҚШ өкілдерінің үшжақты кездесуі өтті.

Тараптар көптеп әскери тұтқын алмасуға дайындық жүргізу жөнінде уағдаласқанымен, соғысты тоқтату туралы ешқандай келісім жасалғанын жарияламады.

Кездесуден кейін америкалық келіссөз жүргізушілер Мәскеуге аттанды. Онда 12 қарашада Владимир Путинмен жабық кездесу басталып, келіссөздер екі күнге созылды.

Одан кейін Уиткофф пен Кушнер Дублинде Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.

Тараптар алдағы келіссөздерге Еуропа елдерінің өкілдерін де қатыстыруды жоспарлап отырғанын растады. Алайда оған нақты қай елдердің қатысатыны және кездесудің қандай форматта өтетіні әзірге белгісіз.

Сізге қызық болуы мүмкін