"ҚазМұнайГаз" басшысының орынбасары қызметінен кетті

Ulysmedia коллажы

"ҚазМұнайГаз" басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев денсаулығына байланысты қызметінен кетті. Ол бұл лауазымды 2024 жылдың мамырынан бері атқарып келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Қазақстанның мұнай-газ кеңесіне сілтеме жасап.

Екі жарым жылға жуық жұмыс істеді

Құрманғазы Есқазиев 2026 жылғы 9 қарашадан бастап қызметінен босатылды. Бұрынғы топ-менеджер 61 жаста. Ол Атырау облысында дүниеге келген. Қазақ политехникалық институтын «тау-кен инженері-геолог» мамандығы бойынша бітірген. Кейін геология-минералогия ғылымдарының кандидаты дәрежесін алған.

Еңбек жолының басым бөлігі мұнай саласында өтті

Есқазиев мұнай саласындағы еңбек жолын 1985 жылы «Ембімұнай» мекемесінде оператор-жинаушы қызметінен бастаған. Кейін кен орындарының геологиясы мен барлау жұмыстарымен айналысып, біртіндеп басшылық қызметтерге ауысқан.

Әр жылдары «Ембімұнайгаз», «ҚазМұнайГаз» барлау және өндіру» компанияларын, сондай-ақ Kalamkas – Khazar Operating компаниясын басқарған.

2022 жылы «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының міндетін уақытша атқарды. 2024 жылдың мамырынан бастап ұлттық компания басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарып, Ақтаудағы өкілдігін де басқарды.

Ол «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған. Қазақстанның жер қойнауын құрметті барлаушысы атағына ие. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

Сізге қызық болуы мүмкін