«Украина Қазақстанның қолдауын жоғары бағалайды»: Тілеуберді Брюссельде Сибигамен кездесті

Украинаның сыртқы істер министрлігі

Қазақстанның cыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Брюссельде украиналық әріптесі Андрей Сибигамен кездесті. Келіссөзден кейін Украина СІМ басшысы Қазақстанға елінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдағаны үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Кездесу туралы Украина cыртқы істер министрі Андрей Сибига мәлімдеді. Министрлер екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және Қазақстан мен Украина қарым-қатынасына қатысты мәселелермен айналысатын мемлекетаралық комиссияның жұмысын жалғастыру жайын талқылады.

Сибига тараптардың сауда байланыстарын дамытуға мүдделі екенін де айтты. Сонымен қатар Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арқылы Еуропаға шығатын көлік бағыттары сөз болды.

– Украина Қазақстанмен бұрыннан қалыптасқан байланыстарды және еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын тұрақты қолдап келе жатқанын жоғары бағалайды, – деді Украина cыртқы істер министрі.

Контекст

16 қарашада Мұхтар Тілеуберді Еуропалық одақ, Қара теңіз өңірі, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия арасындағы көлік қатынасын дамытуға арналған халықаралық кездесуге қатысты.

Жиынға аталған өңірлердің сыртқы істер министрлері мен Еуропалық комиссия өкілдері жиналды. Қатысушылар көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады.

Сізге қызық болуы мүмкін