Шымкентте 200 орынға арналған жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Жыл сайын туу көрсеткіші жоғары қалада бой көтеретін медициналық мекеме қолданыстағы перзентханалардың жүктемесін азайтып, жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін көмектің сапасын арттыруға тиіс. Жоба денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қазір Шымкентте 2011 жылы ашылған қалалық перинаталдық орталық жұмыс істейді. Содан бері мұнда 125 мыңнан астам сәби дүниеге келген. Сонымен қатар дәрігерлер 29 мыңға жуық хирургиялық операция жасаған.
Қалада бала туу көрсеткішінің жоғары болуы ана мен балаға медициналық көмек көрсетуге деген сұранысты арттырып отыр. Сондықтан тағы бір заманауи орталық салу қолданыстағы медициналық мекемелердің жүктемесін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Медицина мамандары жаңа ғимарат пациенттерге қолайлы жағдай жасап, медициналық қызмет сапасын жақсартады деп үміттенеді.
Жаңа орталықтың құрылысы Құрылтай депутаты Баһадүр Нарымбетовтің қазіргі перинаталдық орталық ұжымымен кездесуінде талқыланды. Жиында денсаулық сақтау саласын дамыту, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайы және алдағы уақытта жалақыны көтеру мәселелері де сөз болды.
Президент тапсырмалары аясында Қазақстан бойынша 70 медициналық нысан мен сегіз заманауи перинаталдық орталық салу жоспарланған.
Баһадүр Нарымбетов медицина саласының дамуы халықтың өмір сапасы мен елдің болашағына тікелей әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, қордаланған мәселелерді шешу үшін мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырумен қатар, қоғамның бірлігін де сақтау маңызды.
Шымкентте салынатын жаңа перинаталдық орталық ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің аясын кеңейтуге бағытталған жобалардың бірі болмақ.
Әзірге құрылыстың қашан аяқталатыны және орталықтың нақты қай уақытта ашылатыны айтылған жоқ.