Шымкентте ҚазҰУ студенті Дауыл Бәкіртайды ақтық сапарға шығарып салды

Ulysmedia

Шымкентте әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртайды жерлеу рәсімі өтіп жатыр. Университет жатақханасында қаза тапқан жас жігітті ақтық сапарға шығарып салуға туған-туыстары мен жақындары жиналды. Бұл туралы Ulysmedia.kz тілшісі оқиға орнынан хабарлады.

Марқұмның туыстары ақтық сапарға шығарып салды

Шымкентте жаназа намазы оқылды. Қазір студентті жерлеу рәсімі өтіп жатыр. Туыстары Дауылмен қоштасуға жиналып, әйелдер марқұмды жоқтап жатыр.

Дауыл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультетінде бірінші курста оқыған. Оның қайтыс болғаны 16 қарашада белгілі болды.

Туыстары студенттің соққыға жығылғанын айтты

Бұған дейін марқұмның туысы Ұлдана Сегізбай Ulysmedia.kz сайтына берген сұхбатында Дауылды 15 қарашадан 16 қарашаға қараған түні тағы бір бірінші курс студентімен бірге екінші курс студенттері ұрып-соққанын айтқан еді. Оның сөзінше, шабуылға сегіз адам қатысқан. Жедел жәрдем ұзақ уақыт өткен соң шақырылған.

Ұлдананың айтуынша, Дауыл жатақханада әлімжеттік барын отбасына айтып жүрген. Жоғары курс студенттері бірінші курс студенттеріне түрлі тапсырма беріп, өздері орнатқан тәртіпті сақтауға мәжбүрлеген.

Алматы полициясы қылмыстық іс қозғап, бір күдіктіні ұстады. Қазір студенттің өліміне қатысты мән-жай анықталып жатыр.

Қайғылы оқиғадан кейін ҚазҰУ басшылығы әлеуметтік тұрақтылық жөніндегі проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканын қызметінен босатты. Оқиға болған күні жатақханада кезекшілік атқарған қызметкерлер де жұмыстан шеттетілді.

Бұл – кейінгі 10 күнде ҚазҰУ-дың бірінші курс студентіне қатысты тіркелген екінші өлім жағдайы. 6 қарашада университет жатақханасында журналистика факультетінің студенті көз жұмған еді.

Сізге қызық болуы мүмкін