әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті бірінші курс студентінің қазасынан кейін әлеуметтік тұрақты даму жөніндегі проректор мен география және табиғатты пайдалану факультетінің деканын қызметінен босатты. Университет басшылығының мәліметінше, олар өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамаған. Атап айтқанда, жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз етпеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қайғылы оқиға болған күні жатақханада кезекшілік еткен қызметкерлер де жұмыстан шеттетілді. Олардың әрекетіне қазір құқықтық баға беріліп жатыр. Бұл туралы университет мәлімдемесінде айтылған.
Жатақханаларда не өзгерді?
ҚазҰУ-дың барлық жатақханасында кешкі бақылау күшейтілді. Сонымен қатар университет қауіпсіздік шараларын қосымша қолға алып, студенттерге кәсіби психологиялық көмек көрсетуді уәде етті.
Университет өкілдері ештеңені жасырмайтынын және тергеуге көмектесіп жатқанын мәлімдеді. Тергеу құпиясына байланысты оқиғаның өзге мән-жайы жарияланбайды. Жаңа мәліметтер белгілі болған кезде университет оларды дереу хабарлауға уәде берді.
Оқиғаға қатысты
Еске салайық, география және табиғатты пайдалану факультетінің бірінші курс студентінің қаза тапқаны 16 қарашада белгілі болды. Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғап, күдіктіні ұстады.
Полиция оқиғаның қалай болғанын және істің қай бап бойынша қозғалғанын нақтылаған жоқ. Әлеуметтік желілерде бірінші және екінші курс студенттері арасында жанжал болғаны туралы ақпарат тарады. Алайда бұл нұсқа ресми түрде расталмады.
Бұл – он күн ішінде ҚазҰУ-дың бірінші курс студентінің екінші рет қаза табуы. 6 қарашада журналистика факультетінің студенті жатақханада көз жұмған.
Ulysmedia.kz тілшісі қайғылы оқиғаларға қатысты университет басшылығынан түсінік алуға тырысқан. Алайда баспасөз қызметі WhatsApp арқылы хабарлама жолдаумен шектелді. 2021 жылдан бері ҚазҰУ-ды басқарып келе жатқан ректор Жансейіт Түймебаев журналистер алдына шықпады.