Uber Қазақстандағы жұмысын тоқтатады. Пайдаланушыларға Fasten қосымшасына ауысу туралы хабарлама келіп жатыр. Бұл сервисті Yandex Go-ны басқаратын компанияның өзі іске қосқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
— Uber жұмысын аяқтайды. Қазақстанда сапарларға тапсырыс беруді жалғастыру үшін Fasten қосымшасын жүктеп алыңыз, — делінген хабарламада.
Uber қосымшасы тапсырыстарды нақты қай уақыттан бастап қабылдамайтыны әзірше белгісіз.
Fasten де «Яндекстің» қосымшасы
Жаңа қосымша «Fasten: Такси және жеткізу» деп аталады. Ол қазірдің өзінде Қазақстандағы App Store-да бар.
Қазақстанда Fasten операторы ретінде Yandex Go сервисін де басқаратын «Y. Taxi Qazaqstan» ЖШС көрсетілген, ғни жолаушыларды «Яндекстің» бір қосымшасынан екіншісіне ауыстырып жатыр.
Ресейде Fasten 2026 жылдың наурызында Uber-дің орнына іске қосылған. Сол кезде «Яндекс» өкілдері пайдаланушыларды жаңа қосымшаға көшіру біртіндеп жүретінін және шамамен бір жылға созылатынын түсіндірген.
Uber Қазақстанда неге бұрыннан «Яндекске» тиесілі?
2018 жылы Uber мен «Яндекс» Ресей, Қазақстан және тағы бірнеше елдегі такси бизнесін біріктірді. Осыдан кейін де Uber қосымшасы жұмысын жалғастырды, алайда платформа мен қаржы ортақ компанияның иелігінде болды.
2023 жылғы сәуірде «Яндекс» Uber-ге тиесілі қалған 28,98 пайыз үлесті 702,5 миллион долларға сатып алып, такси бизнесінің жалғыз иесіне айналды.
Контекст
Еске салайық, қазан айының басында Ресейдегі компанияның деректер орталықтарына ұшқышсыз аппараттар шабуыл жасағаннан кейін Қазақстанда «Яндекс» сервистері жұмысын тоқтатқан еді.
Таксопарктер мен курьерлік қызметтер қауымдастығының есебінше, соның салдарынан жүргізушілер демалыс күндері бірнеше миллиард теңге табыстан қағылған.
Сол кезде экономист Рахым Ошақбаев қазақстандық жүргізуші әр сапардан түскен ақшаның шамамен 20 пайызын сервиске беретінін айтқан. Ал оның мәліметінше, Өзбекстанда осы сервистің комиссиясы 11-13 пайыз болады.