ҚазҰУ-да екі студенттің қазасынан кейін тексеріс басталады

Ulysmedia коллажы

Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрлігі әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінде кешенді тексеріс жүргізеді. Мамандар оқу орнында студенттердің қауіпсіздігі қалай бақыланатынын анықтайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тексеріс қалай өтеді?

ҚазҰУ-ға арнайы топ жіберіледі. Тексерушілер университетте қауіпсіздік талаптарының сақталуын және қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін студенттермен жүргізілетін жұмыстың тиімділігін бағалайды. Министрлік университет басшылығының білім алушылардың мәселелеріне қалай жауап беретінін де тексеретінін мәлімдеді.

– Қақтығыстарды анықтау және олардың алдын алу, студенттердің өтініштеріне уақтылы жауап беру, сондай-ақ оларға психологиялық көмек көрсету тетіктеріне ерекше назар аударылады, – делінген Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарламасында.

Тексеріс қорытындысы бойынша ведомство студенттердің қауіпсіздігін күшейту үшін қандай өзгерістер қажет екенін анықтайды.

Оқиғаға қатысты

16 қарашада ҚазҰУ жатақханасында бірінші курс студенті Дауыл Бәкіртай қаза тапты. Қылмыстық іс бойынша бір күдікті ұсталды. Марқұмның туыстары жатақханада әлімжеттік болғанын мәлімдеді.

Қайғылы оқиғадан кейін университет проректоры мен факультет деканы қызметінен босатылды. Жатақханада кезекшілік атқарған қызметкерлер жұмыстан шеттетілді.

Марқұм студент туыстарына жатақханада жоғары курс студенттері тарапынан әлімжеттік көрсетілетінін бірнеше рет айтқан. 

Сізге қызық болуы мүмкін