Шекара қызметінің экс-басшысы Дархан Ділмановты қамауда ұстау мерзімі 1 айға ұзартылды

Ulysmedia

Шекара қызметінің бұрынғы басшысы Дархан Ділмановты қамауда ұстау мерзімі бір айға ұзартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөз

«Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2023 жылғы 20 ақпандағы қаулысымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының өтінішхаты қанағаттандырылып, тергеу материалдарымен танысу кезеңінде қамауда ұстау мерзімін ұзартуға санкция берілді. Яғни 2023 жылдың 22 наурызына дейін», - делінген сот хабарламасында.

Еске салайық, былтыр маусым айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан-Қытай шекара бекеттерінде анықталған билікті асыра пайдалану фактілері бойынша жүргізіп жатқан сотқа дейінгі тергеу шеңберінде бұрынғы ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры генерал-лейтенант Д.А. Ділманов және басқа да адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған болатын.

5 сәуірде Мемлекет басшысының өкімімен Дархан Айтқалиұлы Ділманов Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры лауазымынан босатылды.