Норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен Будапештте өткен турнирде қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваға қарсы матчтан бас тартты. Асаубаева шахмат тақтасының басында қарсыласын күтіп отырғанда, Карлсен журналистерге не себепті ойнамайтынын түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ойынның мәні жоқ деп шешті
Бұл жағдай Total Chess World Championship Tour Pilot турнирінде болды. Карлсен мен Асаубаева 17-20-орындар үшін күресіп жатыр. Қарсыластар алғашқы күні блицте үш партия, рапидте екі партия ойнап, тағы бір кездесуді тең аяқтады. Нәтижесінде Карлсен 11,5:0,5 есебімен алға шықты.
Алда жылдам классика форматындағы бір партия қалған еді. Бұл кездесуде жеңіске жеткен шахматшыға сегіз ұпай берілетін. Алайда Асаубаева жеңген күннің өзінде, күн қорытындысында Карлсеннен оза алмайтын еді. Норвегиялық шахматшы ойынды жалғастырудың қажеті жоқ деп шешіп, соңғы партияға шықпады.
Қазақстандық шахматшы қарсыласын тақта басында 15 минут күтті. Осыдан кейін төрешілер оған техникалық жеңіс берді. Бірінші күннің қорытынды есебі Карлсеннің пайдасына 11,5:8,5 болды.
Норвегиялық шахматшының бұл әрекеті шахмат қауымдастығында сынға ұшырады. Халықаралық шахмат федерациясы бас директорының кеңесшісі Эмиль Сутовский оның әрекетін спорттық әдепке жат деп бағалады. Өзге шахматшылар да Карлсеннің қарсыласына құрметсіздік танытқанын айтты.
Карлсен рейтингінен айырылып қалуы мүмкін еді
Бұл оқиғаның тағы бір қызық тұсы бар. Турнирдің топтық кезеңінде Магнус жылдам классика форматындағы он партияның бірде-біреуінде жеңіске жетпеген. Тоғыз кездесу тең аяқталып, бір партияда армениялық шахматшы Айк Мартиросяннан жеңілген.
Осы нәтижелерге байланысты норвегиялық шахматшының рейтингі 2801,2 балға дейін төмендеді. Тағы бір сәтсіз нәтиже оның рейтингін 2800 балдан төмен түсіруі мүмкін еді. Бұл кейінгі 17 жылға жуық уақыт ішінде алғаш рет орын алуы ықтимал еді. Асаубаевамен тең ойнағанның өзінде Карлсен осы межеден төмен түсуі мүмкін болатын.
Техникалық жеңіліс рейтингке әсер еткен жоқ, өйткені партия ойналмады. Турнир ұйымдастырушылары ережеде ойынға келмегені үшін қосымша санкциялар қарастырылмағанын түсіндірді.
18 қарашада шахматшылар тағы да тақта басында кездеседі. Бірінші күнгі жеңілісіне қарамастан, Бибісара Асаубаева 17-орын үшін күресті жалғастыруға мүмкіндік сақтап отыр.