Хуангсыз Nvidia Қазақстандағы жобаларын жалғастыра ма? АҚШ елшісі түсіндірді

Manami Yamada / Reuters

Nvidia компаниясының негізін қалаушы Дженсен Хуангқа қатысты дау компанияның Қазақстандағы жоспарларына әсер етпейді. Мұндай пікірді АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стафт білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бұл туралы ол Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында айтты. Сұхбат 13 қарашада, Хуангтың Nvidia басшылығынан кеткенінен бір күн өткен соң жазылған.

«Nvidia бұл жобалардың бір бөлігі болғысы келеді»

Елшінің айтуынша, Қазақстан 35 жыл ішінде шикізат өндіретін салалардан жаңа бағыттарға таңғаларлық жылдамдықпен бет бұрды. Ол бұған Екібастұздағы «Деректер орталығы алқабын» және қазақстандық технологиялық компанияларды мысалға келтірді.

– Nvidia басшысының Қазақстанға келуіне де осы себеп болды. Қазақстан үлкен әсер қалдырды, ал Nvidia бұл өзгерістердің бір бөлігі болғысы келеді. Бұл ұстаным өзгермейді. Компанияның мұнда серіктестері бар және ынтымақтастық одан әрі кеңейеді деп ойлаймын. Оның үстіне, бұл тек Nvidia компаниясына ғана емес, АҚШ-тың басқа да ірі бұлтты технологиялар операторлары мен технологиялық компанияларына қатысты, – деді Стафт.

Ірі бұлтты технологиялар операторлары деп әлем бойынша ауқымды деректер орталықтары бар жетекші компанияларды атайды.

«Лауазымына қарамастан, әркім жауап беруі керек»

Елші Хуанг төңірегіндегі дауға түсініктеме беруден бас тартты. Оның айтуынша, бұл – Nvidia инвесторлары мен басшылығының мәселесі. Дегенмен ол жауапкершілік қағидатына қатысты пікір білдірді.

– Адамдар жоғары немесе төмен лауазым атқарса да, өз әрекеттері үшін жауап беруі маңызды. Мұны Қазақстаннан да көрдіңіздер. АҚШ пен Қазақстандағыдай елде заң үстемдігі болған кезде жоғары лауазымды тұлғалар да жауапқа тартылады, – деді елші.

Оның сөзінше, Хуангпен бірге Астанаға Nvidia компаниясының көптеген қызметкері келген. Олар Қазақстанға ерекше әсерленіп, елмен ұзақ мерзімді іскерлік серіктестік орнатуға ниетті.

Контекст

Еске салайық, 12 қарашада Дженсен Хуанг өзі 33 жыл басқарған Nvidia компаниясының президенті және бас директоры қызметінен кетті.

Бұған дейін ол Сингапурдың Megaspeed компаниясында жұмыс істейтін Элис Хуангпен байланысы болғанын мойындаған. АҚШ арнайы қызметтері оны Қытай барлау қызметімен байланысы болуы мүмкін деп күдіктенеді.

Қазір Nvidia компаниясын уақытша қаржы директоры Колетт Кресс басқарып отыр.

Сізге қызық болуы мүмкін