Мұхтар Әуезов атындағы университетке ұлттық мәртебе беріледі

auezov.edu.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Тоқаевтың айтуынша, Шымкентті оңтүстік өңірдегі ірі ғылым және білім орталығы ретінде дамыту көзделіп отыр.

Президент қазірдің өзінде қалада бірқатар жобаның жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Аризона штаты университетінің білім беру бағдарламасы іске қосылған. Сонымен қатар Түркияның Гази университетінің филиалы ашылған.

– Бұл жұмысты одан әрі жандандырып, Шымкенттің ғылым және білім саласындағы әлеуетін күшейте түсуіміз қажет. Мен халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне ұлттық мәртебе беру туралы шешім қабылдадым, – деді мемлекет басшысы.

Оның сөзінше, Әуезов университеті – өңірдегі ең ірі жоғары оқу орны. Шымкенттегі әрбір бесінші студент осы білім ордасында оқиды.

Президент ұлттық мәртебе университетпен қатар, оған жауапты министрлікке де үлкен міндет жүктейтінін айтты. Енді оқу орны сапалы білім мен терең ғылымның ордасына, өңірдің зияткерлік орталығына айналуға тиіс.

Сізге қызық болуы мүмкін