Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясы салынуға тиіс Үлкен ауылының маңында әуежай салу мәселесі қарастырылып жатыр. Әзірге бұл – инфрақұрылымды дамыту жоспарының бір бөлігі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әріновтің Жамбыл ауданының тұрғындарымен кездесуінен кейін әуежай салу жоспары белгілі болды.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, АЭС құрылысына байланысты Үлкен ауылының маңында көлік және өзге де инфрақұрылымды дамыту көзделген.
Бұған дейін Атом энергиясы жөніндегі агенттік басшысы Алмасадам Сәтқалиев Үлкен ауылын 33 мың тұрғыны бар шағын қалаға айналдыру жоспары туралы айтқан. Онда тұрғын үйлер, мектептер, ауруханалар, қонақүйлер және болашақ АЭС қызметкерлерін даярлайтын оқу орталығы салынбақ.
Электр станциясының құрылысы қызған кезде мұнда 15 мыңға дейін маман қажет болады. Ал АЭС іске қосылған соң онда шамамен 2 мың адам жұмыс істейді.
Контекст
Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын Балқаш көлінің жағасында, Үлкен ауылының маңында салу жоспарланған. Халықаралық консорциумның жетекшісі ретінде Ресейдің «Росатом» компаниясы таңдалды.
Бұған дейін жарияланған жоспарға сәйкес, АЭС-тің негізгі құрылысы 2027 жылы басталуға тиіс. Электр станциясын 2035 жылы пайдалануға беру көзделген. Жобаның алдын ала құны 15 млрд доллар деп бағаланып отыр.