Бибісара Асаубаева Магнус Карлсенмен өткен матчтан кейін мәлімдеме жасады

ашық дереккөз

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Мажарстан астанасында өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирінен кейінгі әсерін бөлісті. Спортшы жарысты «қатты қажытатын» дода деп сипаттады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Он күнге созылған турнирде Бибісара әлемнің ең мықты шахматшыларымен 40-тан астам партия ойнаған.

– Он күнде әлемнің ең мықты шахматшыларымен 40-тан астам партия ойнайсың. Мұның бәрі керемет болғанымен, жүйке күшін көп қажет етеді. Турнирдің ертең аяқталатынына қатты қуаныштымын, – деп жазды Асаубаева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Турнир барысы

10 қарашада басталған жарыс блиц, рапид және жылдам классика форматтарын біріктірді.

Бибісара үшін турнирдің алғашқы кезеңі сәтсіз өтті. Іріктеу кезеңінде ол қатарынан сегіз рет жеңіліп, 24 қатысушының ішінде соңғы орынға тұрақтады.

Алайда шахматшы жылдам классикадан топтық кезеңде жақсы нәтиже көрсетіп, жағдайды түзете алды. Бұл кезеңде Арджун Эригайсиді жеңіп, Уэсли Со, Максим Вашье-Лаграв және Ханс Ниманн секілді танымал қарсыластарымен тең түсті. Соның нәтижесінде өз тобында бесінші орын алды.

Әлем чемпионымен болған дау

17-20-орындар үшін өткен жұбаныш кезеңінде Бибісара Асаубаева шахматтан 16-әлем чемпионы Магнус Карлсенмен кездесті.

Олардың матчы даулы жағдаймен есте қалды. Норвегиялық гроссмейстер бұған дейінгі форматтарда басымдыққа ие болғанына қарамастан, жылдам классикадағы соңғы партияға екі рет шығудан бас тартты. Екі жағдайда да оған техникалық жеңіліс тіркелді.

Матчтың екінші күнінде Асаубаева есепті теңестірді. Соған қарамастан, жұбаныш кезеңінің финалына Карлсен өтті. Ал Бибісара 19-орын үшін күресін жалғастырды.

Sports.kz мәліметінше, қазақстандық шахматшының америкалық Эндрю Хонгқа қарсы матчындағы алғашқы күн 5:15 есебімен жеңіліспен аяқталды.

Сізге қызық болуы мүмкін