Қазақстандағы құрылыс қарқыны материал тапшылығы мен шығынды көбейтуі мүмкін

Freepic

Қазақстанда құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Алайда құрылыс материалдарын өндіру көлемі бұл қарқынға ілесе алмай отыр. Президент жариялаған «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында бұл қосымша шығындарға әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Тұрғын үйлерді пайдалануға беру қарқыны баяулаған

Биылғы он айда құрылыс жұмыстарының көлемі 13,1%-ға өсті. Бұл өткен жылғы 15,1% көрсеткіштен сәл төмен болғанымен, құрылыс саласы әлі де экономиканың негізгі секторлары арасында ең жоғары өсім көрсетіп отыр.

Halyk Finance сарапшылары өсім қарқынының баяулауын былтырғы жоғары көрсеткішпен байланыстырады. Олардың бағалауынша, өсімнің басым бөлігіне мемлекет қатысатын ірі инфрақұрылымдық жобалар ықпал етіп отыр.

Елдегі құрылыс жұмыстарының жартысынан астамы инженерлік құрылыстарға тиесілі. Қазір теміржолдар, энергетикалық және коммуналдық желілер жаңартылып, электр беру желілері, су құбырлары және басқа да инфрақұрылым нысандары салынып жатыр.

Ал тұрғын үй құрылысының жағдайы біршама өзгеше. Тұрғын ғимараттар салу көлемі 12,2%-ға артқанымен, пайдалануға берілген пәтерлер мен үйлердің өсімі баяулаған. Қаңтар-қазан айларында бұл көрсеткіш небәрі 2,1% болды. Былтыр осы кезеңде 4,5%-ға өскен еді.

Өңірлер бойынша да көрсеткіштер әртүрлі. Ең жоғары өсім Ұлытау облысында тіркелді – 127,3%. Қызылорда облысында құрылыс жұмыстарының көлемі 30,5%-ға, Атырау облысында 25,7%-ға артқан. Алматыда өсім 23,1%, Астанада 11,8% болды.

Құрылысқа қосымша қаржы бөлінеді

Келер жылы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Халықтық құрылыс» бастамасының арқасында құрылыс қарқыны одан әрі үдеуі мүмкін. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға Ұлттық қордан қосымша қаражат бөлінеді. Сарапшылар қаржыландырудың басқа көздері ретінде үкімет пен мемлекеттік компаниялардың ішкі және сыртқы қарыздарын да атайды.

Құрылыс көлемін ұлғайту жоспарланып отырған тұста сарапшылар тағы бір мәселеге назар аударды. Саладағы өсім құрылыс материалдарын өндіру қарқынынан әлдеқайда жоғары. Он айда құрылыс жұмыстарының көлемі 13,1%-ға артса, құрылыс материалдарының өндірісі небәрі 5,4%-ға өскен.

– 2027 жылы құрылыс қарқыны одан әрі күшейсе, соның ішінде инфрақұрылымдық жобаларды Ұлттық қордан қаржыландыру көлемі ұлғайса, өсім қарқынындағы осындай алшақтық құрылыс шығындарына әсер етуі мүмкін. Ал материалдар импорты артқан жағдайда шетел валютасына деген сұраныс та өсуі ықтимал, – деп ескертеді Halyk Finance сарапшылары.

Импортқа тәуелділікті азайту үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі құрылыс материалдарын өндіруге инвестиция тартуды жоспарлап отыр. Ведомство ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесін 80%-ға жеткізуді көздейді.

Сізге қызық болуы мүмкін