Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» қорындағы сыбайлас жемқорлық дерегіне қатысты тергеу жүргізіп жатқан тұста Ulysmedia.kz қордың мемлекеттік сатып алуларына назар аударды. Бір қызық жайтты байқадық: қор мен Қазақстандағы ірі ұлттық компаниялардың жобаларына қатысты келісімшарттарда британдық Fieldfisher заң фирмасының атауы жиі кездеседі. Қолда бар сатып алу деректері мен келісімшарттардың жалпы құны 1,7 млрд теңгеден асады.
Оған қоса, осы заң фирмасының серіктестерінің бірі Нодир Сидиков «Қазатомөнеркәсіп» директорлар кеңесінің мүшесі. Сонда «Самұрық-Қазына» неліктен дәл осы Fieldfisher-ді таңдайды? Халықаралық заң қызметтері нарығында бұдан да ауқымды тәжірибесі, танымал клиенттері және ірі мәмілелерді сүйемелдеу бойынша мол тәжірибесі бар компаниялар аз емес. Британдық фирма қазақстандық ұлттық компаниялардың сеніміне қалай ие болды? Оны таңдау қаншалықты ашық жүргізіледі? Ulysmedia.kz осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.
Алдымен шетелдік заңгерлердің қызметіне жүгіну қалыпты тәжірибе екенін айта кеткен жөн. Әсіресе ірі халықаралық мәмілелер, төрелік даулар, бағалы қағаздар шығару немесе шетел заңнамасымен реттелетін келісімдер кезінде мұндай мамандардың көмегі қажет. Қазақстанда мұнай-газ, энергетика, қаржы және корпоративтік құқық салаларында жұмыс істейтін, трансшекаралық күрделі мәмілелерді сүйемелдеу тәжірибесі бар ондаған халықаралық заң фирмасы бар. Алайда «Самұрық-Қазынаның» сатып алуларын зерделеу барысында британдық Fieldfisher компаниясы ерекше назар аудартты.
Сатып алу құжаттарындағы мәліметке сүйенсек, қор 2023 жылы аталған фирмамен 67 072 500 теңгеге, яғни шамамен 150 мың долларға келісімшарт жасасқан. 2024 жылы тағы екі келісім жасалып, олардың құны тиісінше 113 355 000 және 196 040 775 теңге болған. 2025 жылғы келісімшарттың құны 114 580 860 теңгені құраса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 218 901 280 теңгеге жеткен. Осылайша, қор мен британдық компания арасында жалпы құны шамамен 810 млн теңге болатын бес келісімшарт жасалған. Британдық компания тарапынан құжаттарға Нодир Сидиков қол қойған.
Дегенмен бір маңызды жайтты ескеру керек: келісімшартта көрсетілген сома қызмет үшін нақты төленген қаржымен бірдей емес. Редакция қол жеткізген сатып алу деректерінен аталған келісімдер бойынша орындалған жұмыстардың электронды актілерін табу мүмкін болмады. Бұл қызмет көрсетілмеді немесе ақысы төленбеді дегенді білдірмейді. Алайда актілер, есептер мен төлем құжаттары болмаса, консультанттың нақты қандай жұмыс атқарғанын, оның көлемі қанша болғанын және ақыр соңында қанша ақы алғанын анықтау мүмкін емес.
Әсіресе қызмет ақысы сағатпен есептелетінін ескерсек, бірқатар сұрақ туындайды. Шетелдік заңгерлер есепте көрсеткен сағат санын шынымен жұмысқа жұмсағанын кім және қалай тексерді? Ең бастысы, қор осынша қаражатқа нақты қандай қызмет алды?
Fieldfisher тек «Самұрық-Қазына» қорына ғана емес, оның портфеліндегі бірқатар компанияға да заңгерлік кеңес берген. Фирманың ашық деректерінде «ҚазМұнайГаз», QazaqGaz, «Қазақтелеком», Qazaq Air, «Қазатомөнеркәсіп» және басқа да құрылымдармен жұмыс істегені көрсетілген.
Компания заңгерлері IPO өткізу, компанияларды біріктіру мен сатып алу, энергетикалық жобалар, қаржыландыру және халықаралық корпоративтік мәмілелерді сүйемелдеген. Қызмет аясы да кең: мұнай-газ саласынан бастап авиация, телекоммуникация және атом өнеркәсібіне дейін қамтиды.
Осы тұста тағы бір сауал туындайды: ұлттық компаниялар неге қайта-қайта бір заң консультантына жүгінеді? Басқа халықаралық фирмаларда мұндай жобаларды жүзеге асыруға жететін тәжірибе мен біліктілік жоқ па?
Әрине, Fieldfisher-дің белгілі бір артықшылықтары болуы мүмкін. Мәселен, Қазақстандағы активтермен жұмыс істеу тәжірибесі, жергілікті заңнаманы білуі және нақты жобалардың ерекшеліктерін түсінуі. Бірақ мердігерді таңдағанда осы артықшылықтар қалай бағаланды? Қанша компанияның ұсынысы қаралды? Олардың қызмет құны, мамандар құрамы мен жұмысты орындау мерзімі салыстырылды ма? Әлде бұрынғы ынтымақтастық тәжірибесі жаңа келісімшарт жасаудың басты себебіне айналды ма?
Fieldfisher-мен жасалған келісімдер «Самұрық-Қазына» тобына кіретін компаниялардың сатып алуларынан да кездеседі. Қордың сатып алу порталындағы келісімшарттар бағасының жиынтық кестесіне сүйенсек, AI TENDERR сервисі жариялаған деректерде 2025 жылғы 29 шілдеде «QazaqGaz» ұлттық компаниясы Fieldfisher Worldwide Limited фирмасынан заңгерлік кеңес беру қызметін 747 900 000 теңгеге (ҚҚС-пен) сатып алушы ретінде көрсетілген.
Тағы бір жазба 2024 жылғы 25 шілдеге тиесілі. Онда «KMG Systems & Services» ЖШС осындай қызметтерге тапсырыс беруші ретінде көрсетіліп, келісімшарт құны 221 375 000 теңге болған (ҚҚС-пен). Осы екі сатып алу дерегінің жалпы құны 969 275 000 теңгені құрайды. Мұны қордың жоғарыда аталған бес келісімшартына қоссақ, жалпы сома 1,7 млрд теңгеден асады.
Дегенмен бұл нақты жұмсалған қаражат емес, келісімшарттар мен сатып алу жазбаларында көрсетілген жалпы құн екенін ескерген жөн. Оның үстіне, тапсырыс берушілер әртүрлі заңды тұлғалар.
Редакцияда әзірге барлық келісімшарттың түпнұсқасы, орындалған жұмыстарды қабылдау актілері, нақты төлемдер туралы мәліметтер мен көрсетілген қызметтердің толық сипаттамасы жоқ. Сондықтан аталған соманың барлығы британдық заңгерлерге аударылды деу дұрыс болмайды. Алайда ынтымақтастық ауқымының өзі ұлттық компанияларда халықаралық заң консультанттарын таңдау және олардың қызметіне ақы төлеу тәртібі қаншалықты ашық деген сауал туғызады. Неліктен бұл процесте Fieldfisher-дің атауы жиі кездеседі?
Әсіресе QazaqGaz-дың Fieldfisher-мен байланысы назар аудартады.
2026 жылғы 16 қарашада Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ірі газ жобаларының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, Қашаған мен Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарын салу, сондай-ақ Қарашығанақ пен Қашағандағы екінші кезең жобалары сөз болды.
Осыдан он күн бұрын, 6 қарашада, QazaqGaz Қашағанда жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт салу жөніндегі EPCC келісімшарты жасалғанын хабарлаған еді. Ал 12 қарашада QazaqGaz-дың еншілес компаниясы Hyundai Engineering және SICIM Kazakhstan компанияларымен Қарашығанақта жылына 5 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт салу жөніндегі EPC келісімшартына қол қойды.
Мұндай ауқымды жобаларда заңгерлік сүйемелдеудің маңызы зор екені түсінікті.
Fieldfisher бұған дейін Қашаған кенішінің операторы NCOC-пен сұйытылған мұнай газын жеткізу туралы келісім бойынша QazaqGaz-ға кеңес бергенін хабарлаған. Бұдан бөлек, фирма Жаңаөзендегі Eni компаниясымен бірлескен гибридті электр стансасы жобасында «ҚазМұнайГаздың» мүддесін қорғаған. Осы жағдайларды ескерсек, QazaqGaz-дың Fieldfisher-ден 590,4 млн теңгеге заңгерлік қызмет сатып алуы да назар аударуға тұрарлық.
Британдық заңгерлер жобалардың құжаттарын әзірлеуге, құрылымын қалыптастыруға, келіссөздер жүргізуге немесе келісімшарт тәуекелдерін бөлуге қатысуы мүмкін бе? Әбден мүмкін. Бірақ әзірге бұл тек болжам ғана. Қолға түскен сатып алу жазбаларынан нақты қандай жобаларға қызмет көрсетілгенін анықтау мүмкін емес. Сондықтан QazaqGaz қандай қызметтерді сатып алғанын, неліктен осы консультантты таңдағанын және оның жұмысының құны қалай бағаланғанын түсіндіруі керек.
Бұл оқиғада есімі жиі аталатын бір адам бар. Ол – британдық Fieldfisher заң фирмасының серіктесі Нодир Сидиков. Ол компанияда 2006 жылдан бері жұмыс істейді, ал 2013 жылы серіктес атанған. Бұған дейін Алматыдағы GRATA заң фирмасында қызмет еткен.
Сидиковтың кәсіби тәжірибесінде Қазақстандағы ірі мәмілелер аз емес. Олардың қатарында «ҚазМұнайГаз» барлау өндірісі» АҚ акцияларын 5,6 млрд долларға сатып алу және компанияны қор биржасынан шығару, сондай-ақ энергетика мен басқа да активтерге қатысты мәмілелер бар.
Сидиков Қазақстанның корпоративтік ортасымен бұрыннан таныс. 2019 жылғы қаңтарда British-Kazakh Society ұйымы Fieldfisher қолдауымен Қазақстандағы энергетика мен инфрақұрылымды дамытуға арналған іс-шара өткізген. Жиында Fieldfisher серіктесі Нодир Сидиков пен «Самұрық-Қазынаның» Лондондағы өкілдігінің директоры Мұқан Арғынбаев сөз сөйлеген. Ұйымдастырушылар жариялаған суретте екеуі бірге түскен.
Бұл дерек қандай да бір заңбұзушылық болғанын білдірмейді. Халықаралық консультанттар мен ірі компания өкілдерінің іскерлік байланыс орнатуы – қалыпты тәжірибе. Дегенмен ол Fieldfisher мен «Самұрық-Қазына» құрылымдарының арасындағы кәсіби байланыс бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқанын көрсетеді.
Осы тұста мұндай байланыстар заң консультантын таңдау кезінде қаншалықты рөл атқарады деген сауал туындайды.
Тағы бір назар аударарлық жайт бар. 2023 жылғы 21 маусымда Нодир Сидиков «Самұрық-Қазына» тобына кіретін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі болып сайланған. Ал сол жылдың 30 маусымында, яғни арада небәрі тоғыз күн өткенде, қор Fieldfisher-мен бір көзден сатып алу тәсілі арқылы 67 072 500 теңгеге келісімшарт жасасқан.
Әрине, күндердің сәйкес келуі өздігінен ештеңені дәлелдемейді. Оның үстіне, бұл жерде екі бөлек заңды тұлға туралы сөз болып отыр: келісімшартты қор жасаған, ал Сидиков «Қазатомөнеркәсіптің» директорлар кеңесіне кірген.
Дегенмен бұл жағдай корпоративтік басқаруға қатысты бірқатар сұрақ туғызады. Ұлттық компанияның тәуелсіз директоры деп саналатын адамның сол топтағы басқа құрылымдарға қызмет көрсететін заң фирмасының серіктесі болуы қаншалықты орынды?
Сидиков директорлар кеңесіне тағайындалған кезде өзінің кәсіби мүдделері туралы мәлімдеді ме? Сыртқы заң консультанттарын тарту мәселесі талқыланғанда ол шешім қабылдау үдерісіне қатысты ма? Мүдделер қайшылығы туындауы мүмкін жағдайда оның шешім қабылдауға араласпауын қамтамасыз ететін тәртіп болды ма? Ал сол талаптардың орындалуын кім қадағалады?
Бұған қоса, Сидиков «Қазатомөнеркәсіп» директорлар кеңесінің Стратегиялық жоспарлау және инвестициялар жөніндегі комитетін басқарады. Сондықтан оның тәуелсіз директор ретіндегі міндеттері мен өзі серіктес болып отырған заң фирмасының мүдделерінің аражігін ажырату мәселесі айрықша маңызды.
Сонымен бірге бірнеше кәсіби міндетті қатар атқару автоматты түрде мүдделер қайшылығы бар немесе заң бұзылды дегенді білдірмейтінін атап өткен жөн. Жағдайға нақты баға беру үшін мүдделер туралы мәліметтердің жарияланғанын растайтын құжаттар, отырыс хаттамалары және шешім қабылдау тәртібі туралы ақпарат қажет.
Заңгерлік қызметтерге қайта оралайық. Fieldfisher-дің Қазақстандағы жобалары туралы ашық хабарламаларда Нодир Сидиковтың есімі жиі кездеседі. Алайда халықаралық ірі мәмілелерді бір адамның өзі сүйемелдемейтіні белгілі. Мұндай жұмыстардың артында әртүрлі біліктілігі мен мамандануы бар заңгерлерден құралған тұтас топ тұрады.
Осыдан тағы бір сұрақ туындайды: Fieldfisher-дің Қазақстандағы жобаларымен тікелей айналысатын заңгерлер тобы қаншалықты үлкен?
Компанияның ашық материалдарынан Қазақстан мен ТМД елдеріне бағытталған арнайы тәжірибесі барын байқауға болады. Бірақ әрбір нақты тапсырмаға қанша маман тартылатыны туралы толық мәлімет жоқ.
«Самұрық-Қазынаның» келісімшарттары бойынша қанша заңгер жұмыс істеді? Құқықтық қорытындылар мен меморандумдарды кім әзірледі? Жұмыстың қанша бөлігін серіктестер, қанша бөлігін аға және кіші заңгерлер атқарды? Олардың сағаттық ақысы қандай болды? Тапсырыс беруші тарап мәлімделген жұмыс сағатының нақты орындалған жұмысқа сәйкестігін кім тексерді?
Құқықтық қорытындының алғашқы бетінде белгілі серіктестің есімі жазылғаны құжатты сол адамның өзі дайындады дегенді білдірмейді. Сол сияқты халықаралық заң фирмасының танымал бренді де әрбір құжатының сапасына кепіл бола алмайды. Сондықтан мәселе келісімшартқа кім қол қойғанында ғана емес, жұмысты іс жүзінде кім атқарғанында және оны тапсырыс беруші тараптан кім қабылдағанында.
Мәселен, ұлттық компания күрделі халықаралық мәміле бойынша шетелдік заң фирмасына құқықтық қорытынды әзірлеуді тапсырды делік. Консультант меморандум дайындап, шот ұсынды, ал тапсырыс беруші қызмет ақысын төледі. Бірақ құқықтық қорытындының дұрыстығын кім тексерді?
Тәуелсіз заң сараптамасы жүргізілді ме? Консультанттың ұстанымы басқа мамандардың балама құқықтық бағасымен салыстырылды ма? Өзге заңгерлердің дайын жұмысты қайта тексеруіне арналған peer review рәсімі қолданылды ма? Мәміле аяқталғаннан немесе сот дауы шешілгеннен кейін көрсетілген қызметтің сапасы бағаланды ма?
Ең бастысы, ұлттық компанияның жұмсаған қаражаты қаншалықты пайда әкелгенін анықтау мүмкін бе? Өйткені қымбат заңгерлік қорытынды мінсіз рәсімделуі мүмкін. Бірақ бұл ондағы ұсынылған шешім тапсырыс беруші үшін ең тиімді болды дегенді білдірмейді. Әсіресе әңгіме елдің стратегиялық активтері туралы болса, мұндай мәселеге айрықша мән берілуі керек.
Бұл – көп сауалдың ішіндегі ең негізгісі.
Қазақстанда мұнай-газ жобаларын, ірі төрелік дауларды, халықаралық қаржыландыруды және мемлекеттік активтерге қатысты мәмілелерді сүйемелдеу тәжірибесі бар басқа да халықаралық заң фирмалары жұмыс істейді.
Сондықтан бір консультанттың қайта-қайта таңдалуы нақты түсіндіруді қажет етеді. Бәсекелі іріктеу жүргізілді ме? Қанша фирма ұсыныс жасауға шақырылды? Оларды бағалау кезінде қандай талаптар басшылыққа алынды? Қызмет құнына көбірек мән берілді ме, әлде заңгерлер тобының тәжірибесі, нақты жобаны білуі немесе бұрынғы жұмысының нәтижесі маңызды болды ма? Егер сатып алу бір көзден алу тәсілімен жүргізілсе, мұндай шешім қандай құжатпен негізделді? Ұлттық компаниялар басқа фирмалардың ұсыныстарымен салыстырғандағы бағалауды көрсете ала ма? Fieldfisher-дің ең қолайлы мердігер деп танылуына не себеп болды?
Тапсырыс берушілердің бұл сұрақтарға көңілге қонымды жауабы болуы да мүмкін. Мәселен, күрделі халықаралық жобаларда бұрынғы заң консультантымен жұмысты жалғастырудың өзіндік артықшылығы бар. Жобаның ортасында маманды ауыстыру қосымша шығын мен тәуекелге әкелуі ықтимал.
Бірақ мұндай шешімнің себебі тиісті құжаттарда көрсетілуі керек. Әйтпесе бір заң фирмасы мемлекеттік корпоративтік сектордағы көптеген компанияның тұрақты кеңесшісіне айналып бара жатқандай әсер қалдырады.
2025 жылғы желтоқсанда Қазақстанда Fieldfisher Worldwide Limited компаниясының филиалы тіркелген. Adata.kz сервисінің мәліметінше, оның негізгі қызмет бағыты – заңгерлік қызмет көрсету.
Демек, британдық фирма Қазақстандағы жобаларды бірнеше жылдан бері сүйемелдеп қана қоймай, елдегі қатысу аясын да кеңейтіп келеді. Мұның еш оғаштығы жоқ. Керісінше, халықаралық заң компанияларының Қазақстан нарығына қызығушылық танытуы елдің шетелдік бизнес үшін тартымды екенін көрсетуі мүмкін.
Алайда ұлттық компаниялар жүздеген миллион теңгеге келісімшарт жасасқанда, шетелдік фирманың танымал атауы ғана жеткіліксіз. Қоғам консультантты кім таңдағанын, қандай баламалар қарастырылғанын, нақты қанша қаражат төленгенін және оның орнына қандай нәтиже алынғанын білуге құқылы.
Мәселе Fieldfisher компаниясының жақсы не жаман екенінде немесе оның серіктесі Нодир Сидиковтың қаншалықты ықпалды тұлға саналатынында емес. Мәселе әлдеқайда қарапайым: ұлттық компания шетелдік консультанттарға жүздеген миллион теңге жұмсаса, неге дәл соларды таңдағанын және оның есесіне қандай нәтиже алғанын түсіндіре алуы керек.
Бұл сұраққа халықаралық рейтингтер мен танымал есімдер емес, нақты құжаттар жауап беруі тиіс.
Ulysmedia.kz редакциясы «Самұрық-Қазына» қорына, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына және Fieldfisher заң фирмасына ресми сауал жолдайтын болады.