Инвесторларды «Самұрық-Қазынадағы» жемқорлық даудан гөрі не алаңдатады

Ulysmedia коллажы

«Самұрық-Қазына» басшылығына қатысты жемқорлық дауы инвесторларды алаңдатқан негізгі мәселе емес. Олар үшін маңыздысы – осы оқиғадан кейін мемлекеттің қордың болашағына қатысты қандай шешім қабылдайтыны. Бұл туралы QAMS атқарушы директоры Данияр Темірбаев Ulysmedia.kz-ке берген сұхбатында айтты.

Инвесторлар мемлекеттің шешіміне алаңдайды

Данияр Темірбаев Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға берген сұхбатында ұлттық компанияларға қатысты оқиғалар инвесторлардың сеніміне әсер етуі мүмкін екенін түсіндірді. Кейінгі үш жылда «Самұрық-Қазына» еурооблигациялар мен юаньмен шығарылатын панда-облигацияларды қоса алғанда, түрлі бағалы қағаздарды орналастырған. Оларды сатып алған инвесторлар үшін мемлекеттің нақты ережелерді ұстанып, аяқ астынан күтпеген шешімдер қабылдамауы маңызды.

– Инвесторлар мемлекет дұрыс қорытынды жасаудың орнына, қазір көп айтылып жүрген акциялар пакетін беру мәселесі сияқты оғаш қадамдарға баратынын көрсе, бұл, әрине, олардың алаңдаушылығын туғызады. Бір сөзбен айтқанда, ұсталғандардың өзі емес, одан кейін мемлекеттің қандай әрекетке баратыны, оның дәйектілігі мен болжамдылығы әлдеқайда маңызды, – деді ол.

Бақылауды күшейту кесірін тигізуі мүмкін

Данияр Темірбаев қоғамдағы резонанс билікті қорды түбегейлі қайта құруға итермелеуі мүмкін деп қауіптенеді. Мұның салдарынан мемлекет оның жұмысына бұрынғыдан да көбірек ықпал етуі мүмкін. QAMS директорының пікірінше, мәселе бақылаудың жеткіліксіздігінде емес. «Самұрық-Қазынада» онсыз да премьер-министр басқаратын директорлар кеңесі, қоғамдық кеңес, аудиторлар және басқа да бақылау құрылымдары бар.

– Қазір қоғамдағы, оның ішінде шетелдегі резонансты ескерсек, «Самұрық-Қазынаға» қатысты түбегейлі шешімдер қабылдауға жағдай пісіп-жетілген сияқты. Бірақ мұндай шешімдер, керісінше, мемлекеттік бақылауды күшейтуі мүмкін деп қорқамын. Мемлекеттік бақылау тұрғысынан қарасақ, «Самұрық-Қазынаның» мәселесі бақылаудың жоқтығында емес, оның шамадан тыс көп болғанында, – деді сарапшы.

Ол жаңа бақылау тетіктерін енгізудің орнына, қолданыстағы жүйенің қорды басқарудағы мәселелердің алдын алуға неге қауқарсыз болғанын анықтау қажет деп есептейді.

Сондай-ақ сарапшы президенттің 2024 жылғы 8 мамырдағы экономиканы ырықтандыру туралы жарлығын еске салды. Құжатта мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту, бәсекелестікті дамыту және жекешелендіру міндеттері көзделген. Данияр Темірбаев осы міндеттерді орындауға оралуға үндеді. Оның үстіне жарлықты жүзеге асыру мерзімі 2028 жылға дейін белгіленген. Демек, мемлекеттік органдардың жіберілген қателіктерді түзетуге әлі уақыты бар.

Контекст

«Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиев сыбайлас жемқорлық ісі бойынша тергеліп жатыр. Екеуін де ҰҚК қызметкерлері ұстаған. 14 қарашада сот оларды қамауға санкция берді. Қазір екеуі де қамауда, тергеу жалғасып жатыр.

Сізге қызық болуы мүмкін