АҚШ, Ресей және Израиль БҰҰ-да «адам өлтіретін роботтарға» тыйым салу жөніндегі келіссөздерге қарсы шықты

Reuters

Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдер адамның қатысуынсыз нысананы өзі таңдап, өздігінен шабуыл жасай алатын қару түрлеріне тыйым салу мәселесінде ортақ келісімге келе алмады. Жүзге жуық мемлекет бұл бағытта халықаралық келісім әзірлеуді қолдағанымен, АҚШ, Ресей және Израиль қарсы шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Елдер неге келісімге келе алмады?

Бұл мәселе Женевада өткен БҰҰ-ның кейбір кәдімгі қару түрлеріне қатысты конвенциясына қатысушы елдердің конференциясында талқыланды. Жиынға 128 мемлекеттің өкілдері қатысты.

Келіссөздің басты тақырыбы – «адам өлтіретін роботтар» деп аталып кеткен қару жүйелері. Мұндай қарулар адамның тікелей бұйрығынсыз нысананы өздері анықтап, шабуыл жасау туралы шешім қабылдай алады.

Жүзге жуық мемлекет осындай қарулардың ең қауіпті түрлеріне тыйым салатын, барлық қатысушы ел үшін міндетті халықаралық келісім әзірлеуді ұсынды.

Алайда бұл ұсыныс бойынша ортақ шешім қабылданбады.

21 қарашада таңға дейін созылған бірнеше сағаттық талқылаудан кейін қатысушылар нақты келісімге келе алмай, жиынды аяқтады.

Қай елдер қарсы шықты?

Ұсынылған шарттар бойынша келіссөз бастауды қолдамаған негізгі мемлекеттердің қатарында АҚШ, Ресей және Израиль болды.

Бұл елдер автоном қаруларға қатысты халықаралық келісім әзірлеуге ресми өкілеттік беру туралы ұсынысты қолдамады.

Бұған дейін The Washington Post басылымы америкалық және ресейлік дипломаттардың автономды қаруларға қатысты құжат жобасындағы талаптарды жеңілдетуге қол жеткізгенін хабарлаған еді.

Атап айтқанда, қару қолданар алдында шабуыл жасалатын нысананы адамның міндетті түрде тексеруі керек деген талап құжаттан алып тасталған.

Бұл шешім неге наразылық тудырды?

Құқық қорғау ұйымдары конференцияның қорытындысын сынға алды. Атап айтқанда, Stop Killer Robots халықаралық қозғалысы келіссөз нәтижесін көңіл көншітпейді деп бағалады.

Ұйым белсенділері адамның тікелей қатысуынсыз кімге шабуыл жасап, кімнің өмірін қию керегін өзі шешетін қаруларды жасауға және қолдануға қарсы.

Жүзге жуық ел бұл бастаманы қолдағанымен, конференция қатысушылары мәселені талқылауды шектеулі түрде жалғастыруға ғана келісті.

Осылайша автоном қаруларға қатысты мәселе әлі шешілген жоқ. Оларға тыйым салу жөніндегі толыққанды халықаралық келіссөздер де басталмады.

Енді үкіметтік сарапшылар 2028 жылға дейін мұндай қаруларды қолдану тәртібін талқылауды жалғастырады.

Осы уақыт ішінде олар қосымша ұсыныстар әзірлеп, болашақ келісімдерді барлық қатысушы мемлекет үшін міндетті халықаралық шарт түрінде бекіту қажет пе деген мәселені анықтауға тиіс.

Сізге қызық болуы мүмкін