Перудің орталық бөлігінде магнитудасы 6,7 болатын жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері ел астанасы Лимада да сезіліп, жүздеген адам ғимараттардан сыртқа шыққан. Таулы аймақтарда жер көшіп, тастар құлаған. Кейбір тұрғын үйлер бүлініп, электр жарығы өшкен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жер сілкінісі 20 қараша күні кешке, жергілікті уақыт бойынша болған. Перу геофизика институтының (IGP) мәліметінше, зілзаланың эпицентрі Анд тауларындағы Хунин аймағында орналасқан. Жер сілкінісінің ошағы 129 шақырым тереңдікте болған.
Ал АҚШ Геологиялық қызметі (USGS) жер сілкінісінің магнитудасын 6,7 деп бағалағанымен, оның ошағы 108 шақырым тереңдікте орналасқанын хабарлады.
«Жер қатты сілкінді», – деді Перу геофизика институтының президенті Эрнандо Тавера AFP агенттігіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, таулы аймақтарда жер көшіп, жартастардан тастар құлаған.
Хунин өңірінде бірнеше тұрғын үйге жеңіл зақым келген. Кей жерлерде электр жарығы өшіп, көлік қатынасы қиындаған.
Жерасты дүмпулері эпицентрден шамамен 300 шақырым жерде орналасқан Лима қаласында да қатты сезілген. Қаланың туристер көп баратын Мирафлорес ауданында жүздеген адам кеңселер мен басқа да ғимараттардан сыртқа шыққан.
Жер сілкінісі Уануко мен Кальяо қалаларында, сондай-ақ Анкаш, Ика, Укаяли және Паско өңірлерінде де сезілген.
Биліктің алдын ала мәліметінше, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Перудің қорғаныс министрі Рафаэль Белаунде әзірге айтарлықтай материалдық шығын тіркелмегенін хабарлады. Құтқарушылар қауіпті аймақтарды тексеруді жалғастырып жатыр.
Перу жер сілкінісі жиі болатын Тынық мұхиттың Отты белдеуінде орналасқан. Бұл – әлемдегі сейсмикалық белсенділігі жоғары аймақтардың бірі.
Мұнда Наска тектоникалық тақтасы Оңтүстік Америка тақтасының астына қарай жылжитындықтан, жер сілкінісі жиі болып тұрады.
Ел тарихындағы ең жойқын жер сілкіністерінің бірі 2007 жылғы 15 тамызда болған. Сол кезде Писко қаласы маңында магнитудасы 7,9 болатын зілзала тіркеліп, 595 адам қаза тапқан.