Экологиялық қалқан: Шымкенттің жасыл желек қоры қалай көбейіп жатыр

фото: ашық дереккөзден

Шымкентте жасыл аймақтарды кеңейту және орман қорын молайту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып келеді. Соңғы жылдары қала аумағында жүздеген гектар жер көгалдандырылып, мыңдаған көшет егілген. Сонымен қатар ағаш отырғызуға қажетті көшет қорын қалыптастыру, тұқым жинау және орман алқаптарын толықтыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр.

Жасыл аймақтарды кеңейту жұмыстары

Шымкентте ағаш отырғызу жұмыстары соңғы жылдары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. 2023 жылы 36 гектар аумаққа 60 мың көшет егілсе, 2024 жылы 186 гектар жерге 130 мың көшет отырғызылған. Ал 2025 жылы 54 гектар аумаққа 40 мың көшет егілді.

Биыл күзде 120 гектар жерге тағы 100 мың ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған. Жұмыс толық атқарылса, қаладағы жасыл желек қорын молайтып, жасыл белдеу аумағын кеңейтуге мүмкіндік туады.

Көгалдандыру науқанын жалғастыру үшін қажетті көшет қорын алдын ала дайындау да маңызды. Осы бағытта Шымкент қаласының Жайлы ортаны дамыту басқармасына қарасты «Жасыл белдеу» мемлекеттік мекемесінің иелігіндегі 17 гектарлық орман тұқымбағында жұмыстар жүргізіліп жатыр.

30 мың түп қарағаш көшеті дайындалып жатыр

Қазіргі уақытта тұқымбақта 30 мың түп қарағаш көшетін топырақтан қазып алу жұмыстары қолға алынған. Дайындалған көшеттер алдағы уақытта белгіленген орман қоры аумақтарына отырғызылып, қаланың жасыл желек қорын толықтыруға пайдаланылады.

Көшет қорын молайтумен қатар, ағаш-бұта түрлерінің тұқымын жинау да жоспарланған. Биыл тұқымбақта өсімдіктердің 19 түрінен жалпы 2 395 келі тұқым жинау көзделіп отыр. Бұл жұмыс әр ағаш пен бұтаның пісу мерзіміне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

Жиналған тұқымдар алдағы уақытта жаңа көшеттер өсіруге пайдаланылмақ. Осылайша, тұқымбақта көшет қорын қалыптастыру мен оны көбейту жұмыстары қатар жүргізіліп келеді.

Жалпы, Шымкентте жүзеге асырылып жатқан бұл шаралар орман алқаптарын ұлғайтуға, жасыл аймақтарды кеңейтуге және қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған. Дегенмен көгалдандыру жұмыстарының нәтижесі тек отырғызылған ағаштардың санымен емес, олардың жерсінуі мен ұзақ уақыт сақталуымен де өлшенеді. Сондықтан көшеттерді өсіру, отырғызу және кейінгі күтім жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру қаланың жасыл желек қорын тұрақты арттыруда маңызды рөл атқарады.

Сізге қызық болуы мүмкін