Қазақстаннан Африкаға жаңа әуе бағыты ашылуы мүмкін

pixabay

Қазақстан мен Алжир екі ел арасында тұрақты әуе қатынасын ашу мүмкіндігін талқылап, келісімге келді. Болашақта әр елдің әуе компаниялары аптасына 14 рейске дейін орындай алады. Бұл туралы екі елдің авиация саласына жауапты өкілдері тиісті меморандумға қол қойғаннан кейін белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Келіссөздер Монреаль қаласында Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) жетінші дүниежүзілік конференциясы аясында өтті.

Кездесуге Қазақстанның Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева мен Алжирдің Ұлттық азаматтық авиация агенттігінің басшысы Хасан Бульфельфель қатысты.

Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, екі елдің белгіленген әуе компаниялары аптасына 14 рейске дейін орындай алады.

Алдағы уақытта не жоспарланған?

Қазақстан мен Алжир әуе қатынасы туралы келісім жобасын да алдын ала мақұлдады.

Бұл құжат екі ел арасында тұрақты жолаушылар рейстерін ашуға құқықтық негіз болады.

Сонымен қатар, авиация саласының өкілдері алдағы ынтымақтастық мәселелерін талқылап, техникалық мәселелер бойынша жеке келісім жасау мүмкіндігін қарастырды.

Сізге қызық болуы мүмкін