ОПЕК+ шешімі қарсаңында әлемдік мұнай бағасы төмендеді

Ulysmedia коллажы

Жасанды интеллекттің экономика өсіміне күткен деңгейде ықпал ете алатынына күмәнданған инвесторлар акцияларын жаппай сата бастады. Қор нарығындағы бұл құлдырау шикізат бағасына да әсер етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мұнай нарығында баға төмендеді

23 қараша күні таңертең Brent маркалы мұнайдың ақпан айындағы фьючерстері 28 цент немесе 0,3 пайыз арзандап, баррелі 92,29 долларға түсті. Америкалық WTI мұнайы 15 цент жоғалтып, баррелінің бағасы 83,26 доллар болды.

Мұнай бағасы қатарынан үшінші апта төмендеп келеді. Алдыңғы аптада Brent 4 пайыз, ал WTI 5 пайыз арзандады.

Бағаның төмендеуіне әлемдік қор нарықтарындағы жаппай сатылым әсер етті. Дүйсенбіде технологиялық компаниялардың үлесі басым Оңтүстік Корея нарығы 4 пайыз құлдырады. Қытай, Гонконг және Аустралия биржаларында да акциялар арзандады. АҚШ-та Nasdaq индексі өткен аптада 10 пайыз төмендеді.

Reuters агенттігінің жазуынша, Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстар мұнай бағасының одан әрі құлдырауына кедергі келтіріп отыр. АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысы әлі аяқталған жоқ. Мұнай инфрақұрылымы мен кемелерге жасалған шабуылдар шикізат жеткізіліміне қауіп төндіреді.

Жексенбі күні Иран қолдайтын Йемендегі хуситтер Сауд Арабиясындағы мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасағанын мәлімдеді. Демалыс күндері Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазы маңында бірнеше кемеге шабуыл жасалғаны туралы да ақпарат тарады.

Сиднейдегі XAnalysts компаниясының бас сарапшысы Мукеш Сахдев мұнай нарығындағы төмендеу әзірге қалыптасқан үрдіспен байланысты екенін айтады. Алайда теңіз арқылы тасымалдау жағдайы жақын арада бағаға әсер етуі мүмкін.

– Қазір мұнай тасымалдауға арналған бос кемелердің саны артып келеді, ал жүгі бар танкерлер саны көбеймей отыр. Жеткізілімге төнген бұл қауіп көп ұзамай бағаға әсер етеді, – деп ескертті сарапшы.

Мұнай өндіруші елдер келіссөзге дайындалып жатыр

Түркияда өткен COP31 климаттық саммитінің қорытындысы да нарықтағы белгісіздікті күшейтті. Жексенбіде келіссөздер 2009 жылдан бері алғаш рет ортақ келісімсіз аяқталды. Елдер қорытынды құжатқа қазба отын түрлерінен біртіндеп бас тарту туралы ережені енгізе алмады.

Сауд Арабиясы мен өзге де ірі мұнай өндіруші елдер мұндай тармақтың құжатта болуына қарсы шықты. Олардың пікірінше, мұнай, газ және көмір әлемдік экономикада әлі ұзақ уақыт маңызды рөл атқарады. Саммитте қазба отын түрлерін пайдалануды ОПЕК ұйымы да қолдады.

Енді мұнай нарығының назары 29 қарашаға ауып отыр. Бұл күні Қазақстан да мүше ОПЕК+ елдерінің министрлері мұнай өндіру саясатын 2027 жылға белгілеу үшін бірқатар кездесу өткізеді.

Қабылданатын шешімдер әлемдік нарықтағы мұнай ұсынысының алдағы жағдайына айтарлықтай ықпал етеді.

Сізге қызық болуы мүмкін