Шымкент оқушыларына Өзбекәлі Жәнібековтің мұрасы таныстырылды

фото: қала әкімдігінің баспасөз қызметі

Шымкентте мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуына орай танымдық іс-шара өтті. Кездесу барысында оқушыларға қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртуға, тарихи ескерткіштер мен ұлттық мәдениетті сақтауға зор үлес қосқан тұлғаның өмірі мен еңбегі туралы айтылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Қалада өткен «Өзбекәлі Жәнібековтің ізімен» атты акцияға мектеп оқушылары мен ұстаздар қатысты. Жиында қайраткердің өмір жолы мен қызметі, әсіресе ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуға және мәдени мұраны сақтауға сіңірген еңбегі сөз болды.

Ұйымдастырушылар Өзбекәлі Жәнібековтің мемлекеттік қызметпен ғана айналыспай, қазақ халқының тарихы мен дәстүрін зерттеуге де ерекше көңіл бөлгенін атап өтті.

Ұмыт болған атауларды жаңғыртқан қайраткер

Оқушыларға Өзбекәлі Жәнібековтің тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруге қосқан үлесі де таныстырылды. Ол ұмыт қалған тарихи атауларды қайта жаңғыртуды да маңызды міндет санаған. Мұны ұлттық жадыны сақтаудың бір жолы деп білген.

Қайраткер үшін салт-дәстүр өткеннің еншісінде қалған мұра ғана емес еді. Ол ұлттық мәдениеттің заманға сай жалғасып, дамуына күш салды.

Кездесу барысында қазақтың ұлттық киімі, қолөнері, салт-дәстүрі мен тарихи ескерткіштердің маңызы талқыланды. Оқушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, Өзбекәлі Жәнібековтің атқарған жұмыстары туралы толығырақ мәлімет алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның негізгі мақсаты – жастардың Қазақстан тарихына қызығушылығын арттырып, мәдени мұраны келер ұрпаққа аманаттаудың маңызын түсіндіру.

Сізге қызық болуы мүмкін