«Самұрық-Қазына» қоры мен Атом энергиясы агенттігі әлемдегі ең ірі уран өндіруші «Қазатомөнеркәсіпті» агенттікке беру-бермеу мәселесіне нақты жауап берген жоқ. Алайда екі мекеме де мұның мүмкін екенін жоққа шығармады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ulysmedia.kz салалық сарапшы Телман Шуриев өз дереккөздеріне сілтеме жасап, «Қазатомөнеркәсіпті» қор құрамынан шығаруы мүмкін екенін жазғаннан кейін тиісті сауал жолдады. Кейін ол бұл жазбасын өшіріп тастаған.
Атом энергиясы агенттігі не деді
Атом энергиясы агенттігінде «Қазатомөнеркәсіптің» болашағына қатысты шешім қабылдау өз құзыретіне кірмейтінін мәлімдеді.
— Бұл мәселе агенттіктің құзыретіне жатпайды. Біз атом саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырамыз, саланы реттеп, бақылау жүргіземіз, — деп жауап берді агенттік төрағасының орынбасары А. Махамбетов.
Агенттік өкілдерінің айтуынша, ұлттық компаниялардың активтеріне қатысты шешім қабылдау тәртібі мемлекеттік мүлік және Ұлттық әл-ауқат қоры туралы заңдармен реттеледі.
Сондай-ақ ведомство президент 2026 жылғы сәуірде бекіткен 2050 жылға дейінгі атом саласын дамыту стратегиясы «Қазатомөнеркәсіпті» басқару моделін өзгертпейтінін хабарлады.
Агенттік президентке тікелей бағынады. Ал 2026 жылғы шілдеден бастап Жер қойнауы туралы кодекске енгізілген өзгерістерге сәйкес, ол уран саласындағы уәкілетті органға айналды. Енді агенттік уранды барлау және өндіру жөніндегі келісімшарттарды өзі жасасып, геологиялық барлау бағдарламаларын бекітеді.
Ал «Қазатомөнеркәсіп» акциялары AIX және LSE биржаларында саудаланатын жария компания мәртебесін сақтап отыр.
— Қазақстан заңнамасында мемлекеттік орган мен ұлттық компанияның өкілеттіктері нақты ажыратылған, — делінген агенттік жауабында.
«Самұрық-Қазына» қоры не деді
«Самұрық-Қазына» қорында активтерді беру мәселесіне қатысты сауалға жалпылама жауап берді.
— Қор тобына кіретін барлық компания штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қорды дамыту стратегиясы өзгеріссіз қалады. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды бекітілген жоспарға сәйкес жалғастырамыз, — деп хабарлады қор.
Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» инвесторлар, кредиторлар, банктер және халықаралық қаржы институттары алдындағы барлық міндеттемені уақытылы әрі толық орындауға уәде берді.
Бұған дейін не белгілі болды
Еске салайық, 16 қарашада Телман Шуриев «Қазатомөнеркәсіпті» қор құрамынан шығару мәселесі Президент әкімшілігінде шамамен үш рет талқыланғанын жазған еді.
Оның айтуынша, кейін бейінді мемлекеттік органдарға «Қазақстан темір жолы» мен тау-кен өндірісі активтері де берілуі мүмкін. Ал жекешелендіру жоспарына байланысты «Қазпошта» да қор құрамынан шығарылуы ықтимал.
Бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» топ-менеджерлеріне төленетін сыйақыны бес есе арттырған. Сонымен қатар компанияның 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы таза пайдасы екі еседен астам азайып, 31,9 миллиард теңгеден 13,9 миллиард теңгеге дейін төмендеген.