Қазақстан темір жолын басқаруға шетелдіктер не үшін тартылды

Ulysmedia.kz

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ директорлар кеңесінің сегіз мүшесінің үшеуі – шетелдік азамат, төртеуі – «Самұрық-Қазына» қорының топ-менеджерлері. Ulysmedia.kz ұлттық компанияның бұрынғы тәуелсіз директоры, қазіргі Құрылтайдың экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің төрайымы Наталья Годуновадан директорлар кеңесінде шетелдіктердің не үшін көп екенін сұрады.

Негізінен қазақстандықтар

Наталья Годунова «Қазақстан темір жолы» директорлар кеңесінде шетелдіктер тым көп деген пікірмен келіспеді. Оның айтуынша, сан жағынан қазақстандықтарға басымдық берілген.

Қазір ұлттық компанияның стратегиялық басқару органы сегіз адамнан тұрады. Олардың бесеуі – Қазақстан азаматы. Алайда төртеуі «Самұрық-Қазына» қорының топ-менеджерлері болса, бесінші мүшесі – қазақстандық салық сарапшысы әрі аудитор Сая Мыңшәріпова.

Ал директорлар кеңесінің тағы үш мүшесі, оның ішінде төрағасы, доктор Александр Андреас Ширхубер Еуропа елдерінің азаматтары.

– Олар – осы саладағы өте білікті маман, – деді Наталья Годунова шетелдіктердің «Қазақстан темір жолы» директорлар кеңесіне мүше болуының себебін түсіндіріп.

Оның сөзінше, директорлар кеңесі теміржол саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне үнемі назар аударып келген.

– Директорлар кеңесінің жанында комплаенс-қызмет пен ішкі аудит қызметі бар. Бұл мәселелер жұмыс тәртібінде директорлар кеңесінің әрбір екінші отырысында дерлік қаралды, – деді Годунова.

Ол аудит мәселелері директорлар кеңесінің тұрақты бақылауында болғанын атап өтті.

– Сыбайлас жемқорлық мәселесі аз ғана лауазымды тұлғамен шектеледі деп үміттенемін, – деп түйіндеді ол.

Контекст

11 қарашада «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Елжас Отыншиевтің сыбайлас жемқорлыққа күдікпен ұсталғаны белгілі болды.

Осыдан бірнеше күн өткен соң «Қазақстан темір жолы» ресми мәлімдеме жасады. Компания тергеу органдарына қажетті құжаттар мен ақпаратты беріп, тергеуге көмектесіп жатқанын растады. Алайда компания өкілдері қылмыстық істің мән-жайынан хабарсыз екенін мәлімдеді.

Сізге қызық болуы мүмкін