Жамбыл облысының экс-әкімі түрмеден шықпайтын болды

Ulysmedia коллажы

Жамбыл облысының бұрынғы әкімі Кәрім Көкірекбаев пара алғаны үшін 12 жылға сотталған. Алматы облыстық соты оны денсаулығына байланысты жазасын өтеуден мерзімінен бұрын босату туралы шешімнің күшін жойды. Сотталушының ауруы оны жазадан босатуға негіз бола алмайтыны анықталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ауруы жазадан босатуға негіз болмады

17 қарашада Алатау қаласының соты сотталған азаматты жазасын одан әрі өтеуден босату туралы шешім шығарған. Мұндай ұсынысты ол жазасын өтеп жатқан №57 мекеменің әкімшілігі енгізген. Бұған сотталушының ауыр науқасқа шалдыққаны негіз болған. Алайда прокуратура бұл шешіммен келіспей, шағым түсірді.

Істі қайта қараған Алматы облыстық соты бірқатар заңбұзушылықты анықтады.

– Сотталған адамның ауруының ауырлығы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 30 маусымдағы № ҚР ДСМ-58 бұйрығымен бекітілген жазасын өтеуден босатуға негіз болатын аурулар тізбесіне сәйкес келмейді, – делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Осыған байланысты Алатау қаласы сотының қаулысы күшін жойып, колония әкімшілігінің сотталғанды жазадан босату туралы өтініші қанағаттандырылмады. Апелляциялық соттың шешімі заңды күшіне енді.

Дәрігерлер мен прокурорға қатысты мәселе қаралады

Алайда сот талқылауы мұнымен аяқталған жоқ. Сот алқасы сотталғанды босатуды қолдаған тұлғалардың әрекетіне де назар аударды.

Алматы облысының прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне прокурор мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің өкіліне қатысты жеке қаулылар жолданды. Олар алғашқы сот отырысына қатысып, сотталғанды жазадан босату қажеттігі туралы негізсіз қорытынды берген.

Сонымен қатар арнайы медициналық комиссияның жұмысына да сұрақ туындады.

– Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне сотталған адамның жазасын өтеуіне кедергі келтіретін ауруы бар екені туралы негізсіз қорытынды шығарған арнайы медициналық комиссия мүшелерінің жауапкершілігін қарау үшін жеке қаулы жолданды, – деп толықтырды облыстық сот.

Енді Денсаулық сақтау министрлігі медицина мамандарының жауапкершілігі туралы мәселені қарауы керек.

Бұрынғы әкім не үшін сотталды?

2025 жылғы шілдеде Кәрім Көкірекбаев аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Онымен бірге бұрынғы орынбасары мен жеке компанияның директоры да сотталды.

Іс материалдарына сәйкес, ақша орындалған жұмыстардың актілеріне кедергісіз қол қою үшін берілген. Қалған екі сотталушы 11 жылға сотталды.

Көкірекбаев 2022 жылдың соңында «Қазселденқорғау» мекемесін басқарып тұрған кезде ұсталған. Тергеу мәліметінше, ол құрылыс компаниясының өкілінен 800 мың доллар алған деген күдікке ілінген.

2024 жылғы маусымда алқабилер бұрынғы шенеунікті ақтағанымен, прокуратура үкімге шағым түсірді. Ақтау үкімі күшін жойғаннан кейін іс қайта қаралып, Көкірекбаев кінәлі деп танылды.

Кәрім Көкірекбаев 2013-2018 жылдары Жамбыл облысын басқарды. 2019 жылы «Қазселденқорғау» мекемесінің басшысы болып тағайындалды.

Сізге қызық болуы мүмкін