Ақтөбеде шенеунік қызметкерлеріне, жерлестері мен туыстарына кезексіз пәтер берген

Pixabay.com

Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Жандос Әлімов екінші рет сотталды. Сот оның әйелінің әпкесіне тұрғын үй кезегіне тұрмай-ақ пәтер алуға көмектескенін анықтады. Кейін туысы бұл пәтерді тегін жекешелендіріп, 5 млн теңгеге сатқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкім туралы Ақтөбенің «Диапазон» газеті жазды. Сот мемлекетке келтірілген шығынды 9 млн теңгеге бағалаған.

Туысы пәтерді қалай алған?

Әлімовтің әйелінің әпкесі тұрғын үй кезегінде болмаған. Ол мемлекеттік пәтерді жалдау шартын өз атына қайта рәсімдеуді сұрап, атасының қайтыс болғаны туралы куәлікті қоса берген. Алайда марқұмның бұл баспанаға ешқандай қатысы болмаған.

Әлімов өтінішті тұрғын үй комиссиясына жолдап, оның мүшелерін ұсынысты қолдауға көндірген. Сот мәліметінше, оң шешім қабылданғаны туралы хаттама алдын ала дайындалған.

Осылайша, туысының уақытша тұрып жатқан баспанасы абаттандырылған пәтерге ауыстырылған. Кейін ол пәтерді тегін жекешелендіріп, мемлекеттік қордан жеке меншікке алған. Артынша баспананы 5 млн теңгеге сатқан.

Бұдан бөлек, бөлім прокуратураға тапсырған жекешелендірілген пәтерлер тізімінен туысының тегін алып тастаған. Әлімов мұндай тапсырма бермегенін айтты. Ал бөлім қызметкері сотта оның тегін не себепті өшіргенін есіне түсіре алмайтынын мәлімдеген.

Сот қандай үкім шығарды?

Жандос Әлімов 4,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұған дейінгі іс бойынша өтелмеген жазасын қоса есептегенде, ол орташа қауіпсіздік мекемесінде 6 жыл отыруға тиіс. Сондай-ақ оған өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.

Әлімов кінәсін мойындамады. Оның айтуынша, пәтер бөлу туралы шешімдерді әкім, оның орынбасарлары, әкімдік бөлімдерінің басшылары, мәслихат депутаттары мен Қоғамдық кеңес мүшелері бірлесіп қабылдаған.

Шенеунік мемлекеттік қызметте 17 жыл жұмыс істеген. Оның бес баласы бар.

Биыл сәуірде Әлімов лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 6 жылға сотталған еді. Ол кезде сот шенеуніктің тұрғын үй кезегінде тұрмаған адамдарға пәтер алуға көмектескенін анықтаған. Кейін баспаналар жекешелендіріліп, сатылған. Олардың арасында бөлім қызметкерлері мен шенеуніктің жерлестері де болған.

Сізге қызық болуы мүмкін