Тоқаев таксистер, курьерлер мен фрилансерлерге қатысты жарлыққа қол қойды

Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық платформалар арқылы табыс табатын қазақстандықтар үшін 2026 жылдың соңына дейін жеңілдетілген құқықтық режим әзірлеуді тапсырды. Үкімет өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға рұқсат етілген кәсіп түрлерінің тізімін кеңейту мүмкіндігін де қарастырады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Халықтық цифрлық экономиканы дамыту және азаматтар мен бизнестің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі шаралар туралы» жарлық Ақорда сайтында жарияланды. Құжатқа 23 қарашада қол қойылып, сол күні күшіне енді.

Цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейтіндерге не өзгереді?

Цифрлық платформалар деп адамдар тапсырыс тауып, сол арқылы табыс табатын сервистерді айтады. Олардың қатарына такси қызметтері, жеткізу сервистері мен фриланс биржалары кіреді.

Жаңа режим мұндай жұмыстың еңбек, азаматтық-құқықтық, салық және әлеуметтік мәселелерін қамтуға тиіс. Оны әзірлеу мерзімі – 2026 жылғы 31 желтоқсан.

Бұдан бөлек, Үкімет өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнаулы салық режимі бойынша рұқсат етілген кәсіп түрлерінің тізімін кеңейту мәселесін пысықтайды.

Қазір өзін-өзі жұмыспен қамтығандар айлық табысы 300 АЕК-тен аспаса, жалдамалы жұмысшысы болмаса және айналысатын кәсібі рұқсат етілген тізімге кірсе, табысының 4 пайызын әлеуметтік төлемдер ретінде төлейді.

Сонымен қатар компаниялар мен кәсіпкерлер цифрлық платформаларда азаматтарға арналған қысқа мерзімді ақылы тапсырыстарды тұрақты түрде жариялап отыруға тиіс. Орындалған тапсырыстар азаматтың практикалық тәжірибесін растайтын құжат ретінде есепке алынады.

Үкімет жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Ли Кай-Фудың ұсыныстарын да ескеруі керек. Ол – Тайвань-америкалық инвестор, Google компаниясының Қытайдағы бұрынғы басшысы. Оның ұсыныстары жасанды интеллектіні күнделікті жұмыста, соның ішінде цифрлық платформалардағы тапсырыстарды орындау кезінде қолдануды үйретуге қатысты.

Ауыл өндірушілері маркетплейстерге шығады

Жарлықтың екінші бөлігі отандық өнімді сатуға арналған. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын жеке маркетплейстердің, банктердің, логистикалық компаниялар мен цифрлық сервистердің мүмкіндіктерімен ұштастыру ұсынылды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін тауарды қабылдау, дайындау, жеткізу және электрондық сауда алаңдары мен сауда желілері арқылы сату жүйесі жолға қойылады.

Әкімдіктер өндірушілерге болашақта түсетін табысы есебінен алдын ала ақша беру тетігін қарастыруға міндетті. Қаржыландыруды әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, өңірлік даму институттары мен қаржы ұйымдары жүзеге асырады.

Сондай-ақ әкімдіктер ауыл кәсіпкерлеріне маркетплейстер арқылы сауда жасауды үйретеді. Мемлекеттік қолдау алған өндірушілерге өнімдерін осындай алаңдарға орналастыруға көмектеседі.

Жоспарды бекіту мерзімі

Үкімет кешенді іс-шаралар жоспарын 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін бекітуі керек. Ал әкімдіктер өңірлік жоспарларды 2027 жылғы 15 қаңтарға дейін қабылдайды.

Жекелеген өңірлерде пилоттық жобалар 2027 жылғы 1 сәуірге дейін іске қосылады. Сол жылдың 1 қыркүйегіне дейін олардың нәтижесі бағаланып, тиімді тәжірибені бүкіл елге тарату туралы шешім қабылданады.

Жарлықтың орындалуын бақылау Президент Әкімшілігіне жүктелді.

Сізге қызық болуы мүмкін