Қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов 96 жасында дүниеден өтті

egemen.kz

Қазақстан ғылымы орны толмас қазаға ұшырады. Қазақтан шыққан тұңғыш антрополог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразақ Смағұлов 96 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Толығырақ

Қаралы хабарды Ұлттық музейдің директоры Берік Әбдіғалиұлы жеткізді.

- Көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Бас ғылыми қызметкері, қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов дүниеден өтті. Ол бүкіл ғұмырын қазақ халқының антропологиялық тарихын, этногенезі мен тарихи сабақтастығын зерттеуге арнап, Қазақстанда антропология ғылымының негізін қалады. Ғалымның іргелі зерттеулері мен ғылыми еңбектері ұлттық тарихымызды терең тануға өлшеусіз үлес қосты. Ол бірнеше буын зерттеушілерге жол көрсеткен ұлағатты ұстаз, отандық ғылымның көрнекті өкілі болды, – деп жазды Берік Әбдіғалиұлы.

Оразақ Смағұлов кім?

Оразақ Смағұлов 1930 жылы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданында дүниеге келген. Ол Қазақстандағы антропология ғылымының негізін қалаушы әрі осы саладағы ғылыми мектептің негізін қалаған ғалым ретінде танылды.

Ғалым бүкіл ғұмырын қазақ халқының антропологиялық тарихын, этногенезі мен тарихи сабақтастығын зерттеуге арнады. Оның ғылыми еңбектері қазақ халқының шығу тегі мен этникалық тарихын, Орталық Азия халықтарының антропологиялық ерекшеліктерін қамтыды. Зерттеулерінде скифтер, сарматтар, қаңлылар мен аландардың тарихына да назар аударды.

Оразақ Смағұлов ғылыми мансабында 30-дан астам экспедиция ұйымдастырып, басқарды. Олардың қатарында Үндістан–Кеңес, Қазақ–Моңғол және Қазақ–Италия бірлескен антропологиялық экспедициялары бар. Сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстанның биік таулы аймақтарындағы халықтардың бейімделу ерекшеліктерін зерттеген халықаралық жобаны басқарды.

Ғалым қазақ халқының генофондының біртұтастығы мен тарихи сабақтастығын ғылыми тұрғыдан зерделеуге елеулі үлес қосты. Оның зерттеулері ұлттық тарихымызды тереңірек тануға жол ашты.

Оразақ Смағұлов 1984 жылы тарих ғылымдарының докторы атанды, 1998 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері атағын алды. 2003 жылы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды.

Ғалымның қызы Айнагүл Смағұлова да антрополог. Ол әкесімен бірге «Происхождение казахского народа» атты еңбекті жазған.

Сізге қызық болуы мүмкін