Барын сатып, елге оралған қандастар Қазақстанда қалу үшін Тоқаевтан көмек сұрады

Ulysmedia коллажы

Солтүстік Қазақстан облысына қоныс аударған қандастар елден кетуге мәжбүр болуы мүмкін. Олар мұнда үй сатып алып, шаруашылық құрған, балаларын жергілікті мектептерге берген. Алайда азаматтық ала алмай отыр, ал визаларының мерзімі аяқталуға жақын. Енді қоныс аударушылар тарихи отанында қалуға көмектесуді сұрап, президентке үндеу жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа арналған бейнеүндеуді елдің солтүстігіне этникалық қазақтардың қоныс аударуына көмектесетін TAUEKEL қауымдастығы жариялады. Видеода Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданының тұрғындары сөз сөйлеген. Олар туындаған қиындықтарды жаңа ережелермен байланыстырады.

– Биыл үш министрлік бірлесіп әзірлеген жобаға байланысты шетелден келген этникалық қазақтар азаматтық ала алмай отыр. Бұл мәселе тек солтүстікте емес, бүкіл Қазақстанда бар. Адамдар қиын жағдайға тап болды. Олар малын, шаруашылығын сатып, осында келді. Сізден азаматтық беруге көмектесуіңізді сұраймыз, – деді қоныс аударушылар президентке.

Жазба авторларының айтуынша, үкімет жақын арада құжат мәселесін шешпесе, отбасылар елден кетуге мәжбүр болады.

Тарихи отанына оралу қиындады

Жыл басында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қандас мәртебесін алу мен Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат беру тәртібін өзгертетін пилоттық жобаны іске қосты.

Сәуірде талаптар күшейтілді. Енді үміткерлер қазақ тілін білу деңгейін анықтайтын тестінің әр бөлімінен кемінде 70 пайыз жинап, балдық іріктеуден өтуі керек. Бұл ретте адамның жасы, білімі, еңбек өтілі, кәсіби дағдылары, тіпті денсаулық жағдайы да ескеріледі. Өту үшін 600 балл жинау қажет. Бұдан кейін үміткер тексеруден өтіп, әңгімелесуге қатысуға тиіс.

Пилоттық жоба 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін жалғасады.

Сізге қызық болуы мүмкін