Айтыскер ақын Нұрзия Асқарқызы Қазақстанға көшіп келген қандастардың азаматтық алу кезінде кездесіп отырған қиындықтарына үн қосты. Ол әлеуметтік желіде өлеңмен үндеу жариялап, жауапты органдарды тарихи отанына оралған азаматтардың жағдайына назар аударуға шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
Нұрзия Асқарқызы қандастардың жағдайы күн сайын қиындап бара жатқанын айтып, жауапты мекемелерден мәселені шешуді сұрады. Ол өзге ұлт өкілдеріне беріліп жатқан азаматтыққа қатысты құжаттар қандастарға да қолжетімді болуы керегін өлеңіне арқау етті:
“Үндеумен жеткізейін үнімді Айға,
Қазағым-ау, қазақсыз күнің қайда,
Көңіліміз көлдей толқып, қуанып ек,
Көштің алды осылай шұбырғанда
Өкініш келгендері кері қайтып,
Екі елдің арасын шиырлауда,
Ашып қалсаң, тікелей эфир TikTok-ты
Азаматтық, виза деп шуылдауда,
Іс басында отырған ағаларым
Не бар, не жоқ – келмедің бірыңғайға
Елім, жерім деп келген қандастардың
Жағдайы күн-күн сайын қиындауда,
Ерте көшіп келмеген өздері деп,
Жұдырық сілтемеңдер жығылғанға
Орыспенен, неміске беріп жатқан
Бір жапырақ қағазың бұйырмай ма,
Жоқ әлде ақша берсең аласың деп,
Тіреп қойып тұрсың ба тиындарға”, – деп жырлады ақын.
Контекст
Бүгін Ulysmedia.kz Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы елден кету қаупіне тап болған қандастар туралы жазды. Олар шетелдегі мүлкін сатып, тарихи отанына қоныс аударған. Қазір балалары мектепке барады. Алайда өздері Қазақстан азаматтығын ала алмай отыр, ал визаларының мерзімі аяқталуға жақын.
Сәуір айынан бастап қандас мәртебесі мен тұрақты тұруға рұқсат алуға үміткерлер тіл тестінің әр блогынан кемінде 70 пайыз жинауы керек. Қазақ тілін білу жеткіліксіз. Сонымен қатар үміткерлер 600 балдық межеден асатын іріктеуден өтуге тиіс.