Елімізде ауа райына қарамастан көлікке қысқы дөңгелекті ауыстыру міндеттелді

ЖИ/ Ulysmedia

1 желтоқсаннан бастап Қазақстан жүргізушілері көліктеріне міндетті түрде қысқы дөңгелек салуы керек. Жазғы дөңгелекпен жүргендерге 21 625 теңге айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде осы заңбұзушылықты қайталағандарға 86 500 теңге төлеуге тура келеді. Қаңтардан бастап айыппұл мөлшері өсуі мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Бұл талап 1 наурызға дейін қолданылады. Қысқы дөңгелек көліктің барлық дөңгелегіне орнатылуы керек. Ал протектор тереңдігі кемінде 4 миллиметр болуы шарт.

Бұл талап ЕАЭО-ның «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентінде көрсетілген. Ал оны бұзғаны үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 590-бабында жауапкершілік қарастырылған.

Бұл ретте ауа райы ескерілмейді, яғни күн ашық, жолда қар болмаса да, көлікке жазғы дөңгелек орнатылғаны анықталса, жүргізушіге айыппұл салынады.

Қаңтардан бастап айыппұл мөлшері өседі

Айыппұл айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) есептеледі. Алғашқы заңбұзушылық үшін 5 АЕК, қайталанған жағдайда 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Қазір 1 АЕК – 4 325 теңге. Ал 2027 жылға арналған бюджет жобасында АЕК мөлшері 4 693 теңге болып белгіленген. Егер осы көрсеткіш өзгеріссіз қалса, 1 қаңтардан бастап жазғы дөңгелекпен жүргені үшін айыппұл 23 465 теңгеге, ал қайталанған жағдайда 93 860 теңгеге дейін өседі.

Демек, бір қыс мезгілінде жүргізуші бір заңбұзушылық үшін әртүрлі мөлшерде айыппұл төлеуі мүмкін.

Бұдан бөлек, жазғы дөңгелекпен жолға шыққан жүргізуші діттеген жеріне жете алмауы да мүмкін. 2026 жылы Ақмола облысында қолайсыз ауа райына байланысты полиция қызметкерлері жазғы дөңгелекпен жүрген 740-тан астам көлікті кері қайтарған.

Сізге қызық болуы мүмкін