Қарағандыда кондуктор арбамен кірген әйелді автобустан түсіріп жіберген

ЖИ/ Ulysmedia

Қарағандыда №31 автобустың бақылаушысы бір жарым жастағы баласы арбада отырған әйелді көлікке кіргізбей, арбаны итерген. Ал жүргізуші қозғалтқышты өшіріп, жолаушы автобустан түспейінше жүрмейтінін айтқан. Оқиғадан кейін бақылаушы жұмыстан шығарылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Оқиға 23 қарашада болған. Сәбира есімді әйел сіңлісімен бірге «Феллида» аялдамасынан «Сырдария» аялдамасына дейін жол жүрген. Бұл кезде баласы арбада ұйықтап жатқан. Әйел арбаны автобусқа кіргізе бастағанда, бақылаушы арбамен автобусқа мінуге енді рұқсат жоқ деп айқайлаған. Бұл туралы әйел ekaraganda.kz басылымына айтып берген.

– Алғашында өзімнен бір қате кетті ме деп ойладым. Өйткені далада жаңбыр жауып тұрған. Киіміме қарап, кірлеп қалған жоқ па деп тексере бастадым. Өзімді үйсіз адамдай сезініп, қатты қорықтым. Мен жылап тұрдым, ал кондуктор баласы бар арбаны итерді. Егер сіңлім арбаның екінші жағынан ұстап тұрмағанда, ол аялдамаға қарай ұшып кетер еді, – деді Сабира.

Оның айтуынша, автобус іші жартылай бос болған, арба қоюға арналған арнайы орын да бос тұрған. Алайда бақылаушы мен жүргізуші арбамен жүруге тыйым салатын жаңа заң шыққанын айтқан.

Әйелдер 102 нөміріне хабарласып, полиция шақырған. Полиция мұндай тыйым жоқ екенін айтып, патруль жіберуге уәде берген. Тек осы қоңыраудан кейін бақылаушы арбаны жинау керек еді деп мәлімдеген. Алайда ол өзінің аты-жөнін айтудан бас тартқан.

Жолаушылардың бірі әйелдерді жақтап сөйлеген. Алайда Сәбира жанжал төбелеске ұласып кете ме деп қорқып, автобустан түскен. Сіңлісі екеуі №53 автобусқа отырып, емханаға жеткен.

Сәбираның қан қысымы 150-ге дейін көтеріліп, кезекші дәрігер оған дәрі берген. Әйел жүргізуші мен бақылаушының үстінен полицияға шағым түсірген.

Кондуктор жұмыстан шығарылды

Маршрутқа «Таксокомбинат №1» ЖШС қызмет көрсетеді. Қала әкімдігі жүргізуші мен бақылаушының қызметтік тексеру аяқталғанша жұмыстан шеттетілгенін хабарлады.

– Автобус салонындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын тексердік. Бұл автобуста дыбыс жазылмайды. Жүргізушінің қатысы аз болған. Ал бақылаушы қыздарды баласы отырған арбамен автобусқа кіргізбегені үшін өрескел тәртіп бұзғаны себепті жұмыстан шығарылды, – деді автокомбинат директоры Руслан Оразбаев.

Сәбира сотқа жүгінгісі келмейтінін айтады. Алайда автопарктен әлі күнге дейін ешкім хабарласып, кешірім сұрамаған.

– Кондуктордың жұмыстан шығарылғанын білемін. Мұның бәрін сотқа дейін жеткізгім келмейді, бірақ осы уақытқа дейін ешкім хабарласып, кешірім сұраған жоқ. Кешірім сұраса, маған сол да жеткілікті, – дейді әйел.

Бұған дейін зейнеткерді де автобустан түсіріп жіберген

Осы күндері Қарағандыда тағы бір оқиға тұрғындардың наразылығын тудырды. №45 автобустың жүргізушісі базарлардың бірінің маңында қолында көкөніс салынған қораптары мен сөмкелері бар қарт адамды автобустан түсіріп жіберген. Кейін шашылып қалған азық-түліктің үстінен автобуспен жүріп өткен.

Жүргізуші өз кінәсін мойындамай, жолаушыны жүгінің көптігіне байланысты тасымалдаудан бас тартқанын айтқан.

– Жолаушыны тасымалдаудан бас тартуға құқылымын. Бұл – жүк таситын такси емес, қоғамдық көлік. Оның жүгі тым көп. Такси шақырып, соған мініңіз, – деді жүргізуші видеода.

Полиция 40 жастағы жүргізушіге жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 21 625 теңге айыппұл салды. Ұсақ бұзақылық дерегі бойынша материалдар сотқа жолданды. Сот шешімі шыққанша ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Контекст

Еске салайық, 15 қарашада вице-премьер, көлік министрі Әсел Жанасова балалар арбасын тасымалдау ережелерін қайта қарауға уәде берген еді. Оның айтуынша, ешкім жолаушыларды арбаны жинауға немесе кішкентай баласы болғаны үшін автобустан түсуге мәжбүрлемеуі керек.

Бұған дейін Көлік министрлігі автобустарда балалар арбасын пайдалануға тыйым салынды деген ақпаратты жоққа шығарған. 29 қыркүйектен бастап қолданысқа енген жаңа ережелерге сәйкес, автобус іші толып кеткен жағдайда ғана арбаны жинау ұсынылады. Егер ата-анаға бұл қолайсыз болса, арбаны жайылған күйінде алып жүруге құқылы. Бұл үшін айыппұл салынбайды және жолаушы автобустан түсірілмейді.

Сізге қызық болуы мүмкін