26 қарашаға қараған түні Алматының Бостандық ауданында өрт шығып, бес адамның өмірін қиды. Көршілерінің айтуынша, марқұмдардың арасында мектеп оқушысы, анасы мен қызы және екі ер адам бар. Өрт шыққан отбасылар бөлмелерді жалдап тұрған. Ал жазда бұл аумақтағы үйлерді сүріп тастау туралы шешім жарияланған.
Ulysmedia.kz тілшісі оқиға орнына барып, өрттен аман қалғандармен және осы үйде бұрын тұрған тұрғындармен сөйлесті.
Таңертең оқиға орнында полиция, өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметкерлері жұмысын жалғастырып жатты. Аумақ жан-жағынан қоршауға алынған. Көшеге жиналған тұрғындарға өртенген ғимаратқа жақындауға рұқсат берілмеді.
Шектеу көршілес үйлердің тұрғындарына да қолайсыздық тудырған. Кейбірі жұмысқа шыға алмай қалған. Тағы біреулері айналма жолмен аумақтан шығып үлгергенімен, кейін ол жолдарды да полиция жауып тастаған.
Тілші көшеде тұрған үш газ баллонын да байқап қалған. Олардың өртенген үйдің тұрғындарына тиесілі екені және өртке қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз.
Оқиға орнына жақын жерде тұратын әйел қоршаудан өте алмай тұрғанын айтты. Оның сөзінше, ол өртенген үйді көптен бос тұр деп ойлаған. Алайда аман қалғандармен сөйлескенде, ғимаратта әлі де пәтер жалдап тұратын адамдар болғаны анықталды.
Анар Тұрғанбаева отбасымен бірге өртенген үйдегі бөлмелердің бірін жалдап тұрған. Түнгі сағат төрттер шамасында өзі оянып кетіп, терезеден жалынның лапылдап жатқанын көрген. Бірден отбасы мүшелерін оятқан.
– Не болғанын түсінбей қалдым. Орнымнан тұрып, қарасам, терезенің сыртындағының бәрі жанып жатыр екен. Үйдегілердің бәрін ояттым. Әркім қолына іліккенін алып, киінуге де мұршасы келмей, қалай болса солай жүгіріп шықтық. Есікті ашып қарасам, арғы жақты қою түтін басып кетіпті. Иісі де өте өткір, жағымсыз. Дем алу мүмкін болмады. Сондықтан есікті қайта жауып, терезеден шықтық. Сосын көшеге жүгіріп шықтық. Ол кезде өрт сөндірушілер де, жедел жәрдем де келіп қалған еді, – дейді ол.
Отбасы жалдаған бөлменің терезесі көрші ауланың ішіне қараған. Әйелдің айтуынша, ол аулада ешкім тұрмаған, өйткені аумақты босатуға дайындалып жатқан. Отбасы сыртқа дәл сол аула арқылы шыққан.
Анардың сөзінше, өрт сөндірушілер оқиға орнына тез жеткен. Олар көрші ауланың қақпасын ашқан кезде-ақ өртті сөндіруге кірісіп кеткен екен.
Қаза тапқандардың арасында төртінші сынып оқушысы бар
Анардың айтуынша, көз жұмған бес адамның бәрі өзімен көрші тұрған. Олар да осы үйден бөлме жалдапты. Марқұмдардың екеуі ер адам, бірі – 60 жастағы әйел, екіншісі – оның 40 жастағы қызы. Сондай-ақ төртінші сыныпта оқитын қыз бала қаза тапқан. Тағы бір отбасы үш кішкентай баласымен бірге аман қалған.
Әйелдің айтуынша, үйдің іші дәліз арқылы бөлмелерге бөлінген. Ортақ дәліздің бойында орналасқан әр бөлмеде екі-үш адамнан тұрған.
– Біз тұрған үй дәліз үлгісінде салынған. Бөлмелердің есігі бір жаққа қарайды. Келесі бөлмеде екі әйел тұратын, олар да шыға алмай қалды. Одан кейінгі бөлмеде екі жігіт бар еді, олар да аман қалмады. Үйде жеті-сегіз бөлме болған шығар. Әр бөлмеде екі-үш адамнан тұратын, – дейді ол.
Қазір Анардың отбасы баспанасыз қалды. Жеке заттарының бәрі өрттен жанып кеткен. Үйден шығарда қолдарына іліккен жалғыз зат – телефон.
– Ештеңе алып үлгермедік. Әркім үстіндегі киімімен ғана шықты. Бәрі өртеніп кетті, түк қалған жоқ. Тек телефонды алдық. Бізге қонақүйден орын беретінін айтты. Енді сонда барамыз. Басқа барар жеріміз жоқ, – дейді әйел.
Өртенген үйде газбен жылытатын жүйе болған. Соған қарамастан, кейбір жалға алушылар тамақ пісіру үшін газ баллондарын пайдаланған. Анар бұл жағдай өзін үнемі алаңдатқанын жасырмады.
– Үй газбен жылытылатын, бәрі қалыпты еді. Бірақ газдан қорқатынмын. Өйткені үйде тамақ пісіретін газ баллондары да болды. Мені үнемі алаңдатқаны – осы, – дейді ол.
Алайда өртке дәл осы баллондар себеп болды деп кесіп айта алмайтынын жеткізді.
– Шынымды айтсам, білмеймін. Өрттің қайдан шыққанынан мүлде хабарым жоқ. Түнде, тәтті ұйқыда жатқан кезіміз еді. Таңғы сағат төрт шамасы. Не болғанын, қалай болғанын түсінбедім, – дейді Анара.
Өрттен аман қалған тағы бір тұрғын Мейірім бұл үйде он жыл тұрған. Ол әйелі, қызы және ұлымен бірге бір бөлмені жалдапты. Ер адамның есептеуінше, ғимаратта жалға берілетін он шақты бөлме болған.
Мейірім де қаза тапқандардың арасында кішкентай қыз, анасы мен қызы және екі ер адам болғанын растады. Оның болжауынша, соңғы екеуі Өзбекстан азаматтары болуы мүмкін. Бірақ олармен жеке таныс болмағандықтан, үйге қашан көшіп келгенін білмейді.
Мейірімнің отбасы газ баллондарын пайдаланбаған. Ер адам өрттің шығуына қатысты өз болжамын да айтты. Оның сөзінше, әуелі ғимараттың шатыры өртенген. Сондықтан өртке газ баллондары емес, электр сымдарының ақауы себеп болуы мүмкін деп топшылайды.
Ол өрт сөндірушілерді үйден көшеге шыққаннан кейін көрген.
Оқиға орнында тілші осы үйде бұрын 40 жыл тұрған Мұса есімді азаматпен де сөйлесті.
Оның айтуынша, жазда Алматы әкімі Дархан Сатыбалды осы аумақтағы үйлерді сүріп, тұрғындарды көшіру туралы шешім жариялаған. Содан кейін 15-тен астам пәтердің тұрғындары үйін босатқан. Алайда кейбір бөлмелерді жалға беру тоқтамаған.
Мұсаның айтуынша, өртенген үйдің бұрын Айдын есімді иесі болған. Ол бөлмелерді жалға беріп келген. Сондай-ақ ер адам осы жекеменшік секторда тамақ пісіру үшін газ баллондарын пайдалану кең таралғанын растады.
Ал сүрілуі жоспарланған аумақтағы үйде жалға алушылардың қандай жағдайда тұрғаны, қайғылы оқиға кезінде ғимараттың жай-күйі мен инженерлік желілерінің қауіпсіздігіне кім жауапты болғаны әзірге белгісіз. Мұны тиісті органдар анықтауға тиіс.
Өрт салдарынан бес адам қаза тапты. Олардың арасында кәмелетке толмаған бала бар.
Бұған дейін Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті өртті сөндіруге 35-ке жуық қызметкер мен тоғыз техника жұмылдырылғанын хабарлаған.
Полиция қылмыстық іс қозғады. Енді мамандар өрттің қай жерден басталғанын, ғимараттың техникалық жағдайын және адамдардың қазасына не себеп болғанын анықтауы керек. Қазір оқиға орнында төтенше жағдай қызметтері жұмысын жалғастырып жатыр.
Ал аман қалған тұрғындар баспанасы мен дүние-мүлкінен айырылды. Бірі бұл үйде ондаған жыл тұрса, енді бірі бөлмелерді жалдап келген. Енді бәріне жаңа баспана іздеуге тура келеді.
Сонымен бірге бірнеше маңызды сұрақ жауапсыз қалып отыр. Жалға берілген бөлмелердің қауіпсіздігін кім қадағалады? Электр сымдары мен газ жабдықтарының жай-күйі тексерілді ме? Жазда сүрілуі жоспарланған аумақта адамдардың әлі күнге дейін тұруына кім жол берген? Бұл сауалдардың жауабы тергеу барысында берілуі тиіс.