«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының бас директоры Дархан Сағындықов қызметінен кетті. Ол 26 қарашадан бастап өз еркімен лауазымын босатты, деп хабарлады Ulysmedia.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мән-жай
Дархан Сағындықов Сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директор қызметін атқарған. Оның өтініші негізінде компанияның Директорлар кеңесі Сағындықовтың «Қазатомөнеркәсіп» басқармасы мүшесі ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдады.
Компанияның мәліметінше, «Қазатомөнеркәсіп» жұмысын штаттық режимде жалғастырып жатыр. Ал бұрын Дархан Сағындықовқа жүктелген міндеттер мен өкілеттіктер басшылық құрам арасында қайта бөлінеді.
Бұған дейін
2026 жылғы 23 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековті және басқа да адамдарды ұстады. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ulysmedia.kz «Қазатомөнеркәсіпте» Юсуповтың командасында кімдер қалғаны жөнінде жазды.
Сондай-ақ Қазақстан уран өндіруден қалайша әлемдік көшбасшыға айналғаны, бұл жетістікке Мұхтар Жәкішев пен Владимир Школьник қандай үлес қосқаны, ал бүгінде елдегі ең құнды активтердің бірін кім басқарып отырғанын шолып шыққан едік.
«Қазатомөнеркәсіп» акциялары топ-менеджері ұсталғаннан кейін құлдырап кетті.