«Самұрық-Қазына» ісі жүк тасымалы саласына да жетті: ҚТЖ-ның бұрынғы басшылары қамауға алынды

ҚТЖ

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясының бұрынғы бас директоры Владимир Петров, оның орынбасары Қайрат Қабылов және атқарушы директоры Азамат Сембай сыбайлас жемқорлыққа күдікті ретінде қамауға алынды. Олар 9 және 10 қарашада, яғни «Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшылары ұсталғанға бір-екі күн қалғанда қолға түскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ұлттық жүк тасымалдаушының бұрынғы басшыларының ұсталғанын Ұлттық қауіпсіздік комитеті растады. Ведомствоның мәліметінше, Сембай «ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясында атқарушы директор және сатып алуды қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметтерін атқарған.

– Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінді. 11 және 12 қарашада сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынды. Қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады ҰҚК.

Ведомство тергеу құпиясына сілтеме жасап, өзге мәліметтерді жариялаудан бас тартты.

Владимир Петров кім?

Петров ҚТЖ жүйесінде 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеген. Ол «ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясының бас инженері болған. 2021 жылдан бастап компанияны басқарды.

Кейін оны ҚТЖ бас компаниясына ауыстырып, «Тасымалдау процесі дирекциясы» филиалының директоры етіп тағайындаған. Бұл филиал магистральдық теміржол желісі бойынша пойыздар қозғалысын ұйымдастыруға жауап береді.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы әрі ұлттық жүк тасымалдаушы мәртебесіне ие.

Мән-жайы

11 қарашада ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен ҚТЖ басшысы Елжас Отыншиевті ұстады. 14 қарашада сот екеуін де қамауға алды. Олар пара алуға оқталды деген күдікке ілінген.

Орыншиев қамауға алынғаннан кейін ҚТЖ басшылығына бұрынғы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев келді. 

Бұл іс ҚТЖ шеңберінен де асып кетті. 25 қарашада ҰҚК «Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековтің ұсталғанын растады. Ол тергеу нұсқасы бойынша «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінді.

Осыдан кейін бір апта ішінде атом компаниясының басқармасынан үш адам кетті.

Сізге қызық болуы мүмкін