«Қазатомөнеркәсіптің» 2026 жылдың алғашқы тоғыз айындағы таза пайдасы 23%-ға төмендеп, 320,2 млрд теңгені құрады. Соған қарамастан, компанияның басқармасы мен директорлар кеңесіне төленетін қаржы 15%-ға өскен. Сонымен қатар компанияның топ-менеджерлері бірінен соң бірі қызметінен кетіп, кейбірі ұсталып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жай
«Қазатомөнеркәсіптің» қаржылық есебіне сәйкес, былтыр компания акционерлеріне тиесілі таза пайда 417,5 млрд теңге болған. Ал биыл үшінші тоқсандағы көрсеткіш одан да төмен. Шілде мен қыркүйек аралығында компания 163,6 млрд теңге пайда тапқан. Былтыр осы кезеңде бұл көрсеткіш 215,4 млрд теңге болған. Яғни пайда 24%-ға азайған.
Бұл ретте компанияның түсімі 16,4%-ға өсіп, 1,39 трлн теңгеге жеткен. Уран сату көлемі 10%-ға артқан, ал сатудың орташа бағасы 17%-ға өсіп, 73,51 долларға жеткен.
Шығын неге көбейді?
Өнімнің өзіндік құны түсімнен жылдамырақ өскен. Ол 19%-ға артып, 766,8 млрд теңгені құраған. Бұған пайдалы қазбаларды өндіру салығының жаңа мөлшерлемелері әсер еткен. Енді салық көлемі әр келісімшарт бойынша жыл ішінде өндірілген уран мөлшеріне байланысты есептеледі.
Компанияның қаржылық нәтижесіне валюта бағамы да кері әсер еткен. Жыл басынан бері доллар шамамен 13%-ға арзандаған. Ал «Қазатомөнеркәсіп» уранды доллармен сатады. Соның салдарынан бағам айырмасынан болған шығын 1,5 млрд теңгеден 48,8 млрд теңгеге дейін өскен.
Бұған қоса, бірлескен және қауымдасқан кәсіпорындардан түсетін пайдадағы «Қазатомөнеркәсіптің» үлесі 125 млрд теңгеден 100,2 млрд теңгеге дейін азайған.
Басшылыққа төленетін қаржы артқан
Компанияның негізгі басқарушы персоналына тоғыз айда жалақы мен сыйақы ретінде 1,05 млрд теңге төленген. Былтыр осы кезеңде бұл сома 912 млн теңге болған. Аталған топқа басқарма мен директорлар кеңесінің мүшелері кіреді.
Ал компанияның барлық әкімшілік персоналына еңбекақы төлеуге жұмсалған шығын 6%-ға өсіп, 21,1 млрд теңгеге жеткен.
Бұған дейін
2026 жылғы 23 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма мүшесі Қуаныш Омарбековті және басқа да адамдарды ұстады. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ulysmedia.kz «Қазатомөнеркәсіпте» Юсуповтың командасында кімдер қалғаны жөнінде жазды.
Сондай-ақ Қазақстан уран өндіруден қалайша әлемдік көшбасшыға айналғаны, бұл жетістікке Мұхтар Жәкішев пен Владимир Школьник қандай үлес қосқаны, ал бүгінде елдегі ең құнды активтердің бірін кім басқарып отырғанын шолып шыққан едік.
«Қазатомөнеркәсіп» акциялары топ-менеджері ұсталғаннан кейін құлдырап кетті.
Ал бүгін, 2026 жылғы 27 қарашада компанияның бас директоры Дархан Сағындықов қызметінен кеткені белгілі болды.