Жаңа жылға қарай доллар 470 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін

Freepic

2026 жылы айтарлықтай нығайған теңге жыл соңына қарай қайта әлсіреуі мүмкін. Сарапшылардың болжамынша, желтоқсанның соңында доллар бағамы 470 теңгеге жетуі ықтимал, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Теңгеге қысым түсіретін себептер

Halyk Finance сарапшылары өздерінің макроэкономикалық шолуында жыл соңындағы доллар бағамына қатысты үш сценарий ұсынды. Оған сәйкес, доллар 450, 460 немесе 470 теңге болуы мүмкін. Мамандар ұлттық валютаның біртіндеп әлсіреуін болжап отыр.

Бұған әлемдік мұнай бағасының төмендеуі және базалық мөлшерлеменің қазіргі 15,75 пайыздан 15,5 пайызға дейін түсуі ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар жыл соңында шетел валютасына деген сұраныс дәстүрлі түрде артады. Әлемдік нарықта доллардың нығаюы да жағдайды күрделендіруі ықтимал.

Дегенмен сарапшылар болжамның дәлдігіне әсер ететін белгісіз факторлар бар екенін ескертеді.

– Валютаның қосымша ұсынысының көздері мен әлемдік шикізат бағасына қатысты белгісіздік болжамның дәлдігін шектейді, – делінген шолуда.

Теңге қалай нығайды?

Бір жыл ішінде қазақстандық валюта айтарлықтай нығайды. Мәселен, 2025 жылғы 1 қарашада доллар 530,47 теңге болса, 2026 жылғы осы күнгі бағам 453,87 теңгені құрады.

Ұлттық валютаның нығаюына базалық мөлшерлеменің жоғары нақты деңгейі, шетелдік капиталдың келуі, шикізат бағасының қолайлы болуы және Ұлттық банктің валюта нарығындағы операциялары қолдау көрсетті.

– Аталған факторлар жыл басынан бері валюта ұсынысының артуына ықпал етті. 2026 жылдың алғашқы 10 айында сауда көлемі 78,8 млрд долларға жетті. 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 49,4 млрд доллар болған. Өсім – 29,4 млрд доллар, – делінген Halyk Finance шолуында.

Теңгенің нығаюы импорттық тауарлар бағасының өсуін тежеуге де көмектесті. Соған қарамастан, сарапшылар жыл соңына қарай жылдық инфляция қазандағы 9,2 пайыздан 9,5-10 пайызға дейін үдейді деп болжайды.

Сізге қызық болуы мүмкін